Елімізде наурыздың 3-і күні банкроттыққа өтініш қабылдау басталды. Сәуірдің 25-ші жұлдызына дейін өңірімізде 630 тұлға өтінім жолдапты. Оның тек 91-і ғана қабылған екен. Жаңашылдыққа ие артқандардың дені – петропавлдықтар. Ал аудандар арасында Қызылжар мен Айыртау көш бастап тұр.
ГҮЛНӘР ҚАДЫРБЕКОВА, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы:
– Мемлекеттік кірістер органдары азаматтың мынадай шарттарға сәйкестігіне тексереді. Банктер, микроқаржы ұйымдары немесе коллекторлық агенттіктер алдындағы борыш 5,5 млн теңгеден аспауы тиіс. Қарыздарды төлеу мерзімі 12 айдан асуы керек. Мүлік болмауы қажет. Сонымен қатар, банктермен және микроқаржы ұйымдарымен берешек бойынша реттеу рәсімі жүргізілуі шарт.
Бұл жерде де сұрақ туындауы мүмкін. Мысалы, “үй ер адамның атында болып, зайыбы банкроттыққа өтініш берсе, жұбайлар оң жауап ала ма?” деген сұрақ туындайды. Сала өкілі былай жауап берді:
ГҮЛНӘР ҚАДЫРБЕКОВА, СҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаменті берешекпен жұмыс жөніндегі басқармасының басшысы:
– 12 ай ішінде қарыз ішінара өтелсе, борышкердің немесе оның жұбайының мүлкі болса, банкпен немесе микроқаржы ұйымымен борышты реттеу туралы құжат рәсімделмесе, жеке кәсіпкерлік тіркелмесе, өтініш мақұлданбайды.
Сөз соңында ел көлеміндегі дерекпен бөлісейік. 25-ші сәуірге дейін Қазақстанда мемлекеттік кірістер органдарына 47,7 мыңнан астам өтініш түсіпті.
Байболат Култанов