Қаладағы балалар ойын-сауық орындарының бірінде өрт шықты. Оқыс оқиға таңғы сағат 10 кезінде “Тайга” сауда орнындағы “Мадагаскар” ойын-сауық орталығында тіркелді. Құтқарушылар лезде жетіп келді. Мамандар бірден өрт ошағын анықтап, 6 адамды эвакуалациялады. Барлығы – орталықтың қызметкерлері. Ешкім зардап шеккен жоқ.
АЗАТ САМАТОВ, №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
– Мұндай жаттығуларды барынша көбірек өткізген пайдалы болады. Бұл шараның негізгі мақсаты – алдағы уақытта болатын жағдайда шапшаң әрі тиімді әрекет етуге бейімделу. Кез келген уақытта дайын болып келу керек.
Белгілі болғандай, бұл – кезекті оқу-жаттығу жиыны. Құтқарушылар кез келген жағдайға сақадай сай болуы тиіс. Оқу-жаттығу барысында өрт сөндірушілер дағдыларын жетілдіреді. Жиынға 60 құтқарушы, медицина мамандары мен полиция қызметкерлері де қатысты.
Отты ауыздықтау үшін құтқарушылар 5-ші қабатқа 30 метрлік баспалдақпен көтерілді. Тілсіз жау бір сағаттың ішінде сөндірілді.
Әділ Спаен, СҚО ТЖД бөлім бастығы:
– Оқу-жаттығу шарасына 9 техника жұмылдырылды. Оның екеуі – 2 автобаспалдақ. Адамдарды газқағар кигізіп шығардық. Медициналық көмек көрсетілді.
Оқу-жаттығу жиыны осы нысанда 3-ші рет өткізіліп жатыр.
Директоры Олег Могильный төтенше жағдай туындаған кезде қалай дұрыс іс-әрекет ету қажеттігін бес саусағындай біледі. Қызметкерлер де хабардар.
ОЛЕГ МОГИЛЬНЫЙ, “Мадагаскар” ойын-сауық орталығының директоры:
– Ғимарат көлемі жағынан үлкен. Келетін адам көп. Көбі – балалар. Кенет қауіп туындаған кезде іштегі адамдарды сыртқа тез әрі ұйымдасқан түрде шығара білуіміз керек.
Өрт сөндірушілер облыс орталығында жыл басынан бері 4 тактикалық оқу-жаттығу жиынын өткізген. Жыл соңына дейін тағы 9-ын өткізуді жоспарлап отыр.