СҚО әкімдігіАптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері қаралды

Өңірдің алғашқы 3 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары облыстық әкімдік қабырғасында қаралды. Кеңеске аймақ басшысы Айдарбек Сапаров төрағалық етті.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өткен аптада мемлекет басшысы елдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өткізді. Президент жұмыстың негізгі бағыттарын айқындап берді. Басымдықтар: экономика мен халық табысының нақты өсімі, инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, азық-түлік және энергетикалық қауіпсіздік. Біз күрделі геосаяси жағдайда өмір сүріп, жұмыс істеп жатырмыз. Халық жұмыстың нәтижесін қағаз жүзінде емес, іс жүзінде күтуде. Жақсы жаққа қарай өзгеріс болып жатқанын әрқайсысы сезінуі керек. Сондықтан, жұмысты жандандыру қажет.

Салаларға жеке-жеке тоқталайық. Қаңтар-наурыз аралығында өңірде ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы шығарылымы 48 млрд теңгені құраған.
Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда облыста ет және сүт өндірісі 7,2 және 7,7 пайызға артыпты. Ал өнеркәсіп секторында 138 млрд теңгеден астам сомаға өнім өндірілген. Инвестицияға да көңіл толады. Жыл басынан бері 64 млрд теңгеге жуық қаржы тартылған.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бірінші тоқсанның қорытындысына көз жүгіртсек, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштерінде оң динамиканы көреміз. Бірақ, өңірде тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны төмен. Аймақта құрылыс маусымы енді ғана басталып, қарқын алуда. Алдағы 3 тоқсанда жұмыс істеу керек. Экономиканы одан әрі дамыту үшін бізде қандай резервтер бар?

Мінберден сөз алған экономика басқармасының басшысы Қуанышбек Қалижановтың айтуынша, өңірдің әрбір ауданында және Петропавлда экономиканы дамыту үшін зор мүмкіндіктер бар.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Біз ауыл шаруашылығында зор мүмкіндіктерді көріп отырмыз. Өңірімізде жайылымдық қой шаруашылығын мықтап қолға алуға болады. Бұл Шопан ата төлінің санын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Көкөніс өсіру мен балық шаруашылығына да назар аударған жөн. Бүгінгі таңда аймақтағы 500 көлдің тек 172-сі немесе 34 пайызы ғана жалға берілген. Сонымен қатар, өңдеу өнеркәсібінде де мүмкіндіктер бар. Атап айтқанда, тамақ өнеркәсібінде.

Нақтырақ баяндайық. Тамақ өнеркәсібінде жұмыртқа, нан, нан-тоқаш, сүт, сондай-ақ, сүт пен шұжық өнімдерін өндіруге мүмкіндіктер зор.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығында агроқұрылымдардың 60 пайызы мал ұстамайды. Бұл қосымша жұмыс орындары әрі зор мүмкіндік екенін ескеру қажет. Көлдерге келсек, жалға алушылар балық өсірумен айналыспайды. Ал орман пайдаланушылар ағаш екпейді. Біз суармалы егіншілікті неге мықтап қолға алмаймыз? Сіз басқарма басшысы ретінде аудан әкімдерімен осының бәрін пысықтау керек едіңіз. Сондықтан, осы мәселе бойынша
Марат Иманбайұлының төрағалығымен кеңес өткізуді тапсырамын. Экономиканы алға жылжытудың барлық мүмкіндіктерін білесіздер. Ол бағдарламаларды іске асыру үшін жеткілікті.

Алға қойған міндеттерді іске асыру үшін қаржы да жеткілікті. Бастысы, бөлінген ақшаны игеру қажет.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мәслихат сессиясы барысында барлық аудан мен Петропавл қаласына қомақты қаржы бөлдік. Енді мамыр немесе маусым айында нақтылау болады. Соған дайын болуымыз керек. Облыс әкімінің орынбасарларына, қала әкіміне, аудан және басқарма басшыларына мәселені ұдайы бақылауда ұстауды және жыл қорытындысы бойынша 99 пайыз игеруді қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл бағытта жұмысты жеделдету керек.

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары енді шілде айында қаралады. Онда кеңес қатысушылары жарты жыл ішінде атқарылған жұмысты пысықтамақ.

 

Байболат Култанов