“Ешкімді ұлтына, тіліне, дініне қарап кемсітуге болмайды”.
Бүгін елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясы өтті. Алқалы жиында Президент қоғамымызда бөлектенуге, алауыздыққа жол берілмейтіндігін ерекше атап өтті.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бірлік дегеніміз мақсатымызға апаратын жол ғана емес. Бұл – мемлекеттілігіміздің ең басты тірегінің бірі. Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтың тұтастығы бәрінен қымбат. Ел бірлігі осы мызғымас құндылықтармен қатар тұруға тиіс. Сонда ғана болашағымыз баянды болады. Татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта ғана емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі тиіс. Әр азаматтың күнделікті ұстанымы болуы қажет. Халқымыз бірлік пен тыныштықтың қадірін біледі.
Алқалы жиында Қасым-Жомарт Тоқаев ана тілімізге де тоқталды. Өз сөзінде Президент қазақ тілін дамыту жұмысына тағы да қарқын қосылып, мертебесі өсетіндігін айтты.
ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ, қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек.
Сессияда бірқатар отандасымыз марапатталды. Ел Президенті көзге түскендерге өзінің Алғыс хаты мен медальдар табыс етті.
Алдияр Айтпаев