Ауыл шаруашылығы

Ауыл шаруашылығы саласы кәсіпкерлерінің мәселесі қаралды

Кәсіпкерлердің мұң-мұқтажы қаралды. Бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаментінде қос фермердің мәселесі көтерілді. Біріншісі жайылым жермен байланысты. 2012 жылы Шал ақын ауданындағы Бірлік ауылында “Темірханов” шаруа қожалығы мал шаруашылығын қолға алады. Ол үшін 2013-те мемлекеттен 10 жылға жалға 874 гектар жер беріліпті.

ҚАЗБЕК ТЕМІРХАН, “Темірханов” ШҚ инженері, Шал ақын ауданы:

– Еділбай тұқымды қойларды алып келдік. Қазіргі таңда саны 300-ге жетті. Сондай-ақ, 93 бас ақбас сиыр бар. Норматив бойынша 1 сиырға 4,5 гектар, қойларға 0,9 гектар бөлінуі тиіс. Нормативтен 50% түспеу керек және 100% аспау керек. Қазіргі таңда біз 80% ұстап отырмыз.

Шаруа қожалығының мемлекет алдында берешегі жоқ. Салықты уақытылы төлейді. Жайылым жер де бос жатқан жоқ. Бірақ, соған қарамастан агроқұрылым жалдау мерзімін ұзарта алмай отыр. Бұл бойынша қожалық басшылығы аудандық жер қатынастары бөліміне наурызда хат жолдапты. Жергілікті атқарушы орган мерзімді ұзартуға келіскенімен тиісті қаулы шығармаған.

ҚАЗБЕК ТЕМІРХАН, “Темірханов” ШҚ инженері, Шал ақын ауданы:

– Қаулыны не себепті шығармай жатқандары белгісіз. “Атамекенге” көмек сұрап келдік. Кейбір жерлерге қыста малға берілетін шөп егіледі. Жағдай шешілмесе дән сіңіру уақытын өткізіп аламыз.

Бір жарым айда шешімі табылмай қойған мәселенің түйіні бір-ақ жиында тарқатылды. Кездесуге қатысқан жергілікті атқарушы орган өкілі қаулы бірер күнде қабылданатынына уәде берді. Кезекті меселе “Қолдау” платформасын алмастырған Gosagro.kz жүйесі жайлы.

ШЫҢҒЫС ЖЫЛҚЫБАЕВ, облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы:

– Жүйенің шала жұмысы ауыл шаруашылығы кәсіпкерлеріне кері әсер етуде. Онда агроқұрылымдар жайлы толық ақпар жоқ. Фермерлер субсидиядан қағылып отыр. Себебі, жаңашылдыққа агроқұрылымдардың цифрлық жер телімдері енгізілмеген. Салдарынан кәсіпкерлер көп пайызбен қарыз алуға мәжбүр.

Проблеманың шешілу жолы бір. “Қолдау” жүйесін мемлекет меншігіне беру керек. Сондай-ақ, сайтты жетілдіру ісіне Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін араластыру қажет деді жиналған көпшілік.

 

Алдияр Айтпаев