Облыс орталығында “Ұлы дала ұстаздары: ұрпақ сабақтастығы” атты жиын ұйымдастырылды. Шара диалог форматында өтті. Оған бұрын мектеп директоры болып еңбек еткен ұстаздар мен жас мұғалімдер қатысты. Әдия Ахметова Қожаберген жырау атындағы қазақ орта мектебін 10 жылдан астам уақыт бойы жетекшілік еткен. Қазіргі таңда осыдан 8 жыл бұрын құрылған облыстық “Ардагерлер білім сапасы үшін” қоғамдық бірлестігінде мүшелік етеді. Ардагер ұстаз мектептерде қазақ тіліне көп көңіл бөлу қажет дейді.
ӘДИЯ АХМЕТОВА, облыстық “Ардагерлер білім сапасы үшін” қоғамдық бірлестігінің мүшесі:
– Қазір мектептерде бағдарлама өте қиын. Оны барлықтарыңыз білесіздер. Кейде балалар түгілі ата-аналардың өздері қиналып кетеді. Әсіресе, қазақ тілінен. Біздің ортамыз басқа. Сол себепті, қазақ тілін тез үйреніп кету қиынға соғады. Ол басымыздан өтті. Сондықтан, мен ойлаймын, осы қазақ мектептерінде бастауыш сыныптарда қазақ тілін бөліп оқытса, тиімді болар еді. Өзге қалаларда балалар туа сала өз ана тілдерінде сөйлейді.
Саланың жілігін шағып, майын ішкен жандардың айтуынша, білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелердің бірі – білім сапасы. Оқушының тақырыпты жете түсінуі тікелей мұғалімдерге байланысты. Сол себепті, сабақты қызықты әрі жеңіл тілмен түсіндіру қажет дейді. Қуандық Жолтайұлы – «Жаңа қадам» жас мұғалімдер бірлестігінің жетекшісі. Ұйым бір жыл бұрын құрылған. Оған 30 жас мұғалім мүшелік етеді.
ҚУАНДЫҚ ЖОЛТАЙҰЛЫ, «Жаңа қадам» жас мұғалімдер бірлестігінің жетекшісі:
– Біздің мақсатымыз – облыстағы жас мұғалімдердің басын біріктіріп, шығармашыл қабілеттерін және де тәжірибелерінің артуына ықпал ету болып келеді. Жаз айында жас мұғалімдермен облыстық слет өткізу жоспарда бар. Бұл екінші мәрте ұйымдастырылайын деп жатыр. Жас мұғалімдермен дебат жүргізіледі.
Жалпы, облыста 15 мыңнан астам мұғалім бар екен. Оның 3 мыңға жуығы – жастар.
Гульден Симбаева