Айыппұл үстіне айыппұл қосылса да “жүйрік” жүргізуші зымырауын тоқтатпаған. Петропавлда LADA тізгініндегі ер адамның қараша мен сәуір аралығында жол ережесін 68 рет бұзғаны белгілі болды. 35 жастағы жігіттің іс-әрекеті “ақылды” бейнекамераның көмегімен анықталды. Бұзақы қысқартылған тәртіппен 700 мың теңге айыппұл төледі. Тағы бір петропавлдықтың жылдамдықты 32 рет асырғаны тіркелді. Ресейлік есептегі “ВАЗ” автокөлігін басқарған 22 жастағы жігіт жауапкершілікке тартылды. Облыста жол қозғалысы ережесін бұзған жағдайда оны автоматты түрде тіркейтін 35 бейнежүйе жұмыс істеп тұр. Жыл басынан бері заманауи жабдықтың көмегімен 20 мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды.
Данаш Хамзина