Білім

Петропавлдық оқушылар бағдарламалау бойынша олимпиадада бақ сынады

Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде бағдарламалау бойынша қалалық олимпиада өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған білім бәйгесіне облыс орталығының 13 мектебінен 110 оқушы қатысты. Екінші кезеңге жастардың 50-і жолдама алды.

ӘДІЛБЕК ЫСМАҒҰЛОВ, НЗМ информатика пәнінің мұғалімі:

– Аталған іс-шараны білім бөлімімен бірге алғаш рет өткізіп жатырмыз. Қалалықтан соң бұл олимапиаданы облыстық деңгейде ұйымдастырғымыз келеді. Басты мақсатымыз – балаларды бағдарламалауға қызықтыру, үйрету. Өйткені бүгінде бағдарламалау қарқынды дамып келе жатқан саланың бірі.

Олимпиадаға 7-12 сынып оқушылары қатыса алды. Оқушыларға күрделілігі әртүрлі бірыңғай тапсырмалар берілгенімен, олардың білімі жас ерекшеліктері бойынша бағаланды.

– Мен үшін бұл алғашқы тәжірибе болды. Мен олимпиадаларға қатысқаныма қуаныштымын, өз дағдыларымды байқап, барлық мүмкіндіктерді көрсеттім. Алдағы уақытта осындай жобаларға тағы да қатысуды жоспарлап отырмын.
– Маған олимпиада ұнады. Осындай іс-шараны ұйымдастырған мектеп өкілдеріне алғысымды білдіремін.

Бағдарламалау олимпиадасының қорытындысы бойынша 7-9 сынып оқушыларының арасында бірінші қалалық жалпы білім беретін ІТ-лицейден Никита Воронин 1 орынды иеленді. Ал жоғары сынып оқушыларының арасында бірінші қалалық жалпы білім беретін ІТ-лицейдің оқушысы Данила Аксенов жеңіске жетті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен және демеушілердің сыйлықтарымен марапатталды.

КОНСТАНТИН АЛИМБАЕВ, кәсіпкер:

– Біздің өміріміздің барлық аспектілері ІТ саласымен байланысты – бұл банктер, мемлекеттік қызметтер және бизнес. Осылардың барлығында автоматтандыру, білікті мамандардың жұмысы қажет. Аталған іс-шараға қатысушылар біздің мемлекетімізде осы саладағы жаңа кәсіпқойлар болады деп сенемін.

Келесі жылы Петропавл қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагогтары облыстық олимпиада өткізуді жоспарлап отыр.

 

Байболат Култанов