Спорт

Петропавлда бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды

Петропавлда бокстан жасөспірімдер арасында республикалық турнир басталды.

Жарыс шымылдығын жергілікті және қарағандылық боксшылар ашты. Екеуінің де тәжірибесі мол. Солтүстікқазақстандық Денис Дробышевтың қолына былғары қолғап кигеніне 6 жыл болыпты. Тартысты өткен жұдырықтасуда жеңіс жерлесімізге бұйырды. Денис – Жамбыл ауданының тумасы.

ДЕНИС ДРОБЫШЕВ, жарысқа қатысушы, Жамбыл ауданы:

– Қарсыласым мықты екен. Жеңіске жету қиынға соқты. Бұған дейін төккен тердің арқасында басым түстім деп ойлаймын. Мақсатым – осы жарыста жеңіске жету.

Кезекті жұптың бірі – Сұлтан Шаймұрат пен Нұрали Батырбек. Алғашқысы – жерлесіміз. Ал оның қарсыласы – қарағандылық. Бұл жолы қонақ спортшының жолы болды. Ол төрешілердің шешімі бойынша жеңіске жетті.

НҰРАЛИ БАТЫРБЕК, жарысқа қатысушы. Қарағанды қаласы:

– Бүгінгі жеңіске күшім мен бапкерімнің арқасында жеттім. Әдіс-тәсілдердерді пайдаланбадым, себебі, қарсыласымды жеңу қиынға соқпады. Осы уақытқа дейін 9 турнирге қатысып, 1 рет жеңіске жеттім.

Республикалық турнир солтүстікқазақстандық жаттықтырушыларды еске алуға арналған. Биыл дәстүрлі жарысқа 8 өңірдің мықтылары қатысуда.

МАРАТ АБУЛГАЗИЕВ, СҚО бокс федерациясының вице-президенті:

– Бүгін жылда болатын турнирлердің ең ауқымдысы өтіп жатыр. Әр өңірден келген балалардың дайындығы жаман емес. Барлығы жеңістен үмітті. Әлі де тартысты кездесулердің куәсі боламыз деп ойлаймын.

Жалпы, республикалық турнирге 70 бала қатысуда. Бүгін 16 жұп шаршы алаңға шықты. Жарыс жұма күні мәресіне жетпек.