Мәдениет

М.Жұмабаевтың 130 жылдығы Есіл ауданында аталып өтілді

Көрсетіліп жатқан мына фильм «Мағжан» деп аталады. Оны Есіл жұртшылығы кірпік қақпай тамашалап отыр. Алаш арысының қилы тағдыры суреттелетін туындыдан кейін конференция бастау алды. Мұнда туғанына биыл 130 жыл толатын атақты ақынның өмірбаяны мен туындылары кеңінен қаузалды. Көпшілік алдында аудан әкімі Медет Оспанов та сөз сөйледі.

МЕДЕТ ОСПАНОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Мағжан Жұмабаевты біз құрметтеу керекпіз. Себебі, 44 жыл бойы тек қазақ еліне ғана емес, бүкіл түрік әлеміне өзінің атын қалдырды. Өзінің мұраларын қалдырды.

Марғасқа Мағжан атамыздың мерейтойын жүрекжарды өлеңдерінсіз елестете алмаймыз. Іс-шарада есілдік жас дарындар көсіле шапты. Түрлі байқауларда жүлделі орын иеленіп жүрген оқушылар ақынның туындыларын мәнерлеп оқыды. Соның бірі – іргедегі Тауағаш ауылынан келген Аружан Ерсайын.

Жеткіншек Мағжанның «Мен кім?» атты шығармасын мәнерлеп оқуда. Сегіз қырлы, бір сырлы оқушы өлең жазғанды да жаны сүйеді екен. Бүгінгі күнге дейін 15-ке жуық тырнақалды туындыны қағаз бетіне түсіріпті.

АРУЖАН ЕРСАЙЫН, Тауағаш орта мектебінің оқушысы, Есіл ауданы:

– Жақында Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған байқауда 2-ші орын иелендім. Мағжанның 30 өлеңін білемін. Тығы да жаттап жатырмын. Оның өлеңдері жеңіл жатталады. Өзім өлең шығарамын. Мен өлең оқу мен шығаруды 5-ші сыныптан бастадым. Көбіне ақындарға арнау жазамын.

Акт залының бергі жағында көрме қанат жайған. Мұнда жергілікті мектеп оқушылары салған суреттер қойылыпты. Келушілер қылқалам шеберлерінің туындыларымен қатар, ақиық ақынның портретін және құжаттарын көре алды. Көрмедегі баға жетпес бірқатар дүниені Мағжан Жұмабаев ауданында орналасқан Алаш арысы атындағы музейдің директоры Айгүл Жүніспаева әкеліпті.

АЙГҮЛ ЖҮНІСПАЕВА, «Мағжан Жұмабаев» музейінің директоры, М.Жұмабаев ауданы:

– 1912-ші жылы жарық көрген “Шолпан” атты кітаптың көшірмесін және 1923-ші жылы басылып шыққан осы кітаптың түпнұсқасын әкелдік. Мағжанға байланысты құжаттар және төлмузейдің суреті бар. Мағжан Жұмабаев 1913-1917 жылдары Омбының мұғалімдер семинариясында оқып жүрген хаттамасын, 1920-1922 жылдары Ақмола төтенше комиссиясында жұмыс істеген кезін куәләндыратын құжаттарын қойып отырмыз. Сонымен қатар, Жұмабаевтар әулетінен сақталынған Зылиханың бөртпе шәлісі мен етігін және ыдыстарды ала келген болатынбыз. Жайнамаз бен Құран да осында жеткізілді.

Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған іс-шарада ән де шырқалды.

 

Гульден Симбаева