Бүгін Петропавлдағы Чернобыль апатында қаза тапқандардың құрметіне қойылған ескерткіш маңы қалың көпшілікке толды. Жерлестеріміз бірер сәттен соң монумент алдына гүл шоқтарын қоймақ. Бұл – дәстүрге айналған шара. Солтүстікқазақстандықтар жыл сайын 26-шы сәуір күні алапат апаттың салдарынан көз жұмғандарды еске алады.
Апат орын алған аумақта Ақатжан Арықов жарты жыл әскери борышын өтепті. Ақсақал ол күндерді есіне де алғысы келмейді. Бойын күйзеліс сезімі билейді.
АҚАТЖАН АРЫҚОВ, Чернобыль АЭС апаттың зардабын жоюға қатысушы:
– Әр ер адамның Отан алдында өтейтін борышы бар дейді ғой. Біздің маңдаймызға осы Чернобылде болу жазылыпты. Міндетімізді толық орындадық.
Құрбандарды еске алуға Семей полигонында әскери борышын өтеген азаматтар да келді. Бұл жандардың тағдыры ұқсас. Асхат Төлепбергенов ядролық жарылыс болған аймақта 2 жыл қызмет етіпті.
АСХАТ ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ, “СҚО Семей полигоны” ҚБ төрағасы:
– Келешекте мұндай апаттар болмасын. Тиыштық болсын. Ұрпағымыз жақсылықта, бейбіт күнде өмір сүрсін.
Жалпы дерекпен бөлісейік. Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың зардабын жоюға 4,5 мың солтүстікқазақстандық барған. Қазір таңда олардың 200-ге жуығы ғана арамызда.
Алдияр Айтпаев