Қоғам

Бәсекелестікті қорғау және дамыту

Қоғамда әділ бәсекелестікке бойұсынбайтындар бар. Статистикаға сүйенсек, олардың саны тауар нарығында басым. Мұндай пайдакүнемдермен бейінді департамент күреседі. Нәтиже де бар. Былтыр жауапты сала өкілдері ондаған тұлғаны анықтап, хабарлама жолдапты.

МАРЛЕН ХАМЗИН, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Жүргізілген талдаулардың нәтижелері бойынша монополияға қарсы орган 46 хабарлама жолдады. Оның 44-і толық көлемде орындалды. Мысалы, “Кант-СК” серіктестігі мен “Козлова Н.А.” жеке кәсіпкерлігі қант бағасын негізсіз көтерген. Мұны біз жолдаған құжатта көрсеттік. Нәтижесінде шекердің құны төмендеді.

Тағы мысал ұсынамыз. Жолдаған хабарламадан соң “Кант-СК” серіктестігі бағаны 333 теңгеден 313-ке түсірген. Екінші кәсіпкер де осыған ұқсас қадамға барыпты. Арамызда ескертуді елемейтін іскер жандардың да барын айта кету қажет. Ондай тұлғалар құқық қорғау органдарымен бірлескен жұмыстың аясында жазаланады.

МАРЛЕН ХАМЗИН, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Облыстық прокуратура «Рока», «Райгаз», «Промгаз», «Аль-НҰР Газ» серіктестіктеріне қатысты тексерулер жүргізуді. Аталған серіктестік басшылары өңір аумағында сұйытылған мұнай газын жоғары бағамен өткізді деген күдікке ілінді. Тексерістің нәтижесінде заңсыз алынған монополиялық табыс өндірілді және жауапты тұлғаларға айыппұл салынды. Айыппұлдың жалпы сомасы 132 млн теңгені құрады.

Осыған ұқсас бұзушылыққа былтыр «Фирма Алекри» және «Адель Құс» серіктестіктері де барған. Тергеп-тексерулердің нәтижесінде сот шешімімен аталған кәсіпорын басшыларына айыппұл салынған.

 

Байболат Култанов