Әскери қызметшілердің дене дайындығын дамыту үшін пәнаралық байланыстар мен инновациялық технологияларды қолдану. Бүгін осындай атаумен Петропавлда республикалық ғылыми-теориялық семинар өтті.
ЖОМАРТ АТЫҒАЕВ, ҚР ҰҰ академиясы әскери-ғылыми орталығының бастығы:
– Семинарда қозғалатын негізгі тақырып – әскери қызметкерлердің дене шынықтырудағы мүмкіншіліктерін арттыру және оқыту тәсілдерін дамыту. Шарада бірнеше мәселені талқылап, ортақ шешімге келетін боламыз. Шара осы саланы ілгерілету мақсатында ұйымдастырылды.
Өзге өңірлерлің әскерилері петропавлдықтардан сабақ ала алады. Қазір жергілікті Ұлттық ұлан академиясында тепсе темір үзер жастар дайындалып жатыр.
ЖОМАРТ АТЫҒАЕВ, ҚР ҰҰ академиясы әскери-ғылыми орталығының бастығы:
– Академиямызда күнделікті таңертеңнен бастап жаттығулар жүргізіледі. Дене шынықтыру бойынша арнайы сабақтар өткіземіз. Курсанттар республикалық, халықаралық деңгейдегі додаларға қатысуда.Үлкен жетістіктерге жетіп жатыр. Осылайша, тек Ұлттық ұланның ғана емес, Қазақстанның абыройын көтеруге ат салысып жүрміз.
Дене дайындығын дамытудан бөлек, білім беруді цифрландыру тақырыбы да қозғалды. Семинарға жалпы саны 50-ге жуық мақала келіп түскен. Өзектілігі жоғары жұмыстар талқыланды. Ұлттық ұлан академиясының курсанты Айдос Жұмағұлов өз еңбегін 2 апта ішінде жазған екен.
АЙДОС ЖҰМАҒҰЛОВ, ҚР ҰҰ академиясының курсанты:
– Мақаланы жетекшім подполковник Нұрмаханов Манас Берікұлымен бірге жаздым. Жоғары оқу орындарындағы цифрландырудың артықшылықтары мен кем тұстарын қозғадым. Цифрландыру дегеніміз – бүкіл әлеммен бірге жаңашылдыққа келу. Сонымен қатар, негізгі мақсат – біздің Ұлттық Ұлан академиясын және Қазақстандағы барлық әскери оқу орынды цифрландыру арқылы біріктіру, базаларын жетілдіру.
Айта кетейік, республикалық ғылыми-теориялық семинарға өзге өңірлердің өкілдері қашықтықтан қатысты.
Аснурия Абдула