Қоғам

28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні

28 сәуір яғни, жұма – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні. Атаулы датаға орай бүгін “Севказэнерго” АҚ мәжіліс залында жиын өтті. Басқосуға кәсіпорын мен зауыт өкілдері қатысты. Көпшілік жұмыс орнында болатын жазатайым оқиғаларды талқыға салды. Биыл 3 солтүстікқазақстандық еңбек етіп, қызметте жапа шеккен.

АЗАТ КҮШЕРБАЕВ, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы:

– Бірінші жағдай газбен айналысатын серіктестікте болды. 5 литрлік газ баллоны жарылды. Екі жұма өткеннен кейін азамат қайтыс болды. Екінші жағдай Келлеровка орта мектебінде орын алды. Онда пеш жағушы көмір алып жатқан жерінде үйінді астында қалды. Қазіргі таңда арнайы комиссия солтүстікқазақстандыққа мүгедектік беру жөнінде жұмыстар жүргізуде. Келесі жағдайда медбике аурухана маңында көктайғақтан құлап, аяғынан зақым алды.

Адам өлімімен аяқталған тағы бір оқиға бар. Құрылыс алаңында жас жігітке терезе жақтауы құлаған. Азамат қайтыс болды. Мұндай жағдайларды болдырмас үшін ең алдымен жұмыс беруші жауапкершілікті сезінуі керек. Кәсіпорындар мен зауыттарда жұмысшылар қауіпсіздігі басты назарда болуы шарт. Мәселен, Киров атындағы зауытта бұл бағытта 4 техникалық инспектор жұмыс істейді.

ПАВЕЛ ЗАИКА, “С.М.Киров атындағы зауыт” АҚ техникалық инспекторы:

– Күнделікті учаскелерді аралап, бұзушылықтарды анықтаймыз. Жұмысшылармен тілдесіп, олардың арыз-шағымдарына құлақ түреміз. Хаттаманы басшылық назарына ұсынамыз. Назарға жұмысшылардың қызметтік киімдерін де аламыз. Қауіпті құрал-жабдықтармен жұмыс істеу барысында мамандар арнайы көзәйнекпен жүрулері шарт.

Еңбекті қорғау күніне арналған жиында бұған дейін оқыс-оқиғалар тіркелген серіктестік өкілдері сөз алды. Баяндамашылар өткеннен қаншалықты сабақ алғандарын айтып, атқарылған жұмыстарды жіпке тізді.

 

Алдияр Айтпаев