Қоғам

Үздік ауыл әкімі

Петропавлда “Үздік ауыл әкімі” конкурсы өтті. Сайысқа әкім лауазымында 2 жылдық еңбек өтілі бар, әдеп кодексінің талаптарын бұзбаған әкімдер ғана қатысып жатыр. Конкурс 2 кезеңмен өткізіледі. Өңірлік және республикалық. Дәстүрлі облыстық байқау биыл 4-рет ұйымдастырылуда.

ШЫНАР ҚАСЕИНОВА, қазылар алқасының мүшесі:

– Конкурстың мақсаты – жұмыста жоғары тәжірибелік нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендердің дамуына елеулі үлес қосқан үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу.

Барлығы – 16 үміткер құжат тапсырған. Оның 3-еуі әңгімелесу кезеңіне өтіпті. Үздік атанған 3 әкім бүгін қызметтерінің нәтижелерімен таныстырып, өз жобаларын қорғайды. Солардың бірі – М.Жұмабаев ауданындағы Ноғайбай би ауылдық округінің әкімі Эльвира Васильева.

ЭЛЬВИРА ВАСИЛЬЕВА, Ноғайбай би ауылдық округінің әкімі, М.Жұмабаев ауданы:

– Мен 2018 жылы Ноғайбай би ауылдық округінің әкімі болып сайландым. Осыдан 4 жыл бұрын Астана қаласында өткен “Ауыл әйелдері” форумына қатыстым. Форумда мені “Жасыл технология” тақырыбы қатты қызықтырды. Содан шабыт алып, бүгін “Таза қуат” атты жоба қорғаймын. Мақсатым – баламалы энергия көздерін ашып, оны өзім жетекшілік ететін ауылдық округте қолдану. Мүмкіндік баршылық.

Эльвира Васильеваның айтуынша, қазір жастардың талпынысы көп, оны бір арнаға бағыттай білу керек. Сонда ауылда жұмыс күші көбейіп, кадр мәселесі шешіледі. Жастарды ауылға тарту үшін әуелі интернет қолжетімді әрі сапалы болуы керек дейді округ әкімі. Бүгінгі сайыстың нәтижесі ертең белгілі болады. Жеңімпаз республикалық кезеңге өтеді. Айта кетейік, 2022 жылы облыс намысын Аққайың ауданындағы Шағалалы ауылдық округінің әкімі Гүлмира Добромирова қорғаған. Ол әкімдердің байқауында “Үздік әлеуметтік жоба” номинациясын иеленді.

 

Аснурия Абдула