Қоғам

Соғыс ардагерінің ұрпағы

“Әкемнің ерлігі – бізге үлгі”. Медицина ғылымдарының докторы Жанбатыр Сартаев – батырдың ұрпағы. Әкесі соғыс бастала сала 41-де өз қалауымен майданға аттанған. Содан 45-ші жылға дейін оқ пен оттың арасында жүрген. Жеңіс күнін көпшілікпен бірге Берлинде қарсы алған.

ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР және РФ әскери ғылым академигі:

– Соғыс кезінде әкем бірінші Украина майданында 2-ші артиллериялық полкта зеңбірекші болды. Үлкен ұрыстарға қатысты. Сталинградты қорғады. Соғыстың басынан аяғына дейін ұрыс алаңында жүрді. Берлинге дейін барды.

Өз ерлігін Нұртай Сартаев көпшілікке айта бермеген. Мақтауды да жаны сүймеген. Ұлы Жанбатыр Сартаев “әкемнің аузынан соғыс туралы әңгімені сирек еститінбіз”,- дейді. Бірақ, профессор ардагер әкесі жайлы арнайы зерттеулер жүргізіпті. Нәтижесінде құнды деректер тапқан. Қазіргі таңда сол құжаттар бір қалың альбомда сақтау тұр.

ЖАНБАТЫР САРТАЕВ, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР және РФ әскери ғылым академигі:

– Әкеме “Қызыл жұлдыз” ордені берілді. Приказ бойынша “Даңқ” ордені де берілуі тиіс еді. Бірақ, бұл марапат әкеме берілмеді. Сондай құжаттары менде сақтаулы. Газеттерге шығардық. Мұндай батырлардың ерлігін біз білуіміз қажет. Өзімнің 4 немереме аталары жайлы айтып отырамын.

Майдангерге Берлинді, Будапешті алғаны үшін және Австрия елі мен Прага қаласын азат еткені үшін медальдар берілген.
Соғыстан кейін ардагер туған ауылы Орталықта тер төгуге кірісіпті. Ол кезде Пресновка ауданына қарасты елді мекенде азамат өз өмірінің соңғы жылдарына дейін шаруашылықта еңбек еткен. Нұртай Сартаев 83 жасқа толған шағында 86-шы жылы өмірден өтті. Артында 3 ұлы мен 3 қызы қалған екен.

 

Алдияр Айтпаев