Солтүстік Қазақстан облысында ылғал жабу жұмысы қарқын алды. Маңызды іске Аққайың ауданындағы “Астраханское” серіктестігінің мамандары кеше кірісіпті.
Мамандардың қарқыны жаман емес. 1 тәулікке жуық уақыт ішінде борана тіркеген бірнеше техника жүздеген гектарда ылғал жапқан. Шаруа күндіз де, түнде де жүргізіледі. Агроқұрылым басшылығы егіс жұмыстарына дейін дән сіңірілетін алқаптың бәрін қамтуды жоспарлап отыр.
ЖАНАРХАН МАПЕНОВ, “Астраханское” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Биыл 7343 гектарға дән себеміз. Егіс жұмыстарына мамырдың 5-ші жұлдызынан бастап кірісеміз.
Қазір диқандар бір оқпен екі қоян атып жатыр десек болады. Танапта жүйткіген техника ылғал жабады әрі егістік жерді тегістейді. Оны мына кадрдан анық байқаймыз. Жолдың оң жағындағы алқап теп-тегіс, ал келесі бетінде толқын бар. Маңызды шаруа тегеурінді 9 трактордың көмегімен тындырылады. Олардың дені жаңа.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМРҰЛЫ, тілші:
– Жаңаның аты жаңа. Мына CLAАS тракторы алқаптың үстінде оп-оңай жүріп келе жатыр. Арттағы борана да жақында сатып алыныпты. Оның ұзындығы 19 метрді құрайды. Өзінің ерекшелігі де бар.
Тегеурінді трактор қосарланған борананы тіркеп алыпты. Мұндай дүние алқапты оңай тегістейді. Нәтижесінде егістік жердің беткі қабаты тез құрғайды, ал төменгі жағында ылғал сақталып қалады. Осы орайда жалпы өңірге қатысты ақпармен бөлісейік. Қазір облыстың Мамлют, Жамбыл, Қызылжар және М.Жұмабаев сынды аудандарында ылғалдылық көрсеткіші көңілден шығады. Қалған аудандарда деңгей өте төмен. Осыны алға тартатын саланың білікті өкілдері шаруалардың бәрін іске кірісуге шақырады. Айта кеткен жөн, ылғал жабылған танапқа тұқым себілгесін, минералды тыңайтқыш сіңіріледі.
ЖАНАРХАН МАПЕНОВ, “Астраханское” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Минералды тыңайтқыш тез сіңіп кетеді. Астықтың өсуіне септеседі.
Биыл облыста 200 мың тоннадан астам минералды тыңайтқыш қолданылмақ. Аса қажетті өнім 3 млн гектарға сіңіріледі. Диқандар ауыр жұмыстан қашпайды. Олар мол әрі сапалы өнім үшін күн-түн еңбек етуге әзір. Бәрінің арманы – дер кезінде жаңбырдың жауғаны.
ЖАНАРХАН МАПЕНОВ, “Астраханское” ЖШС директоры, Аққайың ауданы:
– Егіс жұмыстарынан кейін жаңбыр жауса, өте жақсы болады. Күтеміз. Уақытында жауса егін де, нан да болады.
“Қазгидромет” өкілдері диқандарды қуантарлық ақпармен бөлісті. Синоптиктердің сөзінше, мамыр айында сәуірге қарағанда жауын-шашынның мөлшері көп болады. Тіпті, кей жерлерде нормадан көп жаңбыр жауады.
Байболат Култанов