Бәрәміш, немістің штруделі, армяндық және беларустық көкөніс салаты. Атай берсең, тағам түрі жетерлік. Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінде “Шекарасыз ас үй” атты шеберлік сағаты өтіп жатыр. Болашақ технологтар бір сағаттың ішінде дәмі тіл үйіретін тағам әзірлеуі керек. Студенттер пысық. Сүйікті тағамдарын берілген уақыт ішінде пісіріп үлгерді. Дәмін арнайы шақырылған меймандар бағалайды.
АНАР ҚАРШАЛОВА, “Қоғамдық келісім” КММ бөлім жетекшісі:
– Бүгінгі дастархан көздің жауын алады. Ұлтымыздың тағамымен қатар өзге халықтардың ас мәзірімен тануға болатын керемет мүмкіндік. Меймандар көпшілік біле бермейтін тағам түрлерінің жасалу жолдарымен танысады.
Колледжде техник-технолог мамандығын меңгеріп жатқан 3-ші курс студенттері бір сағаттың ішінде бірнеше ас әзірлеп, ептіліктерімен көзге түсті. Елизавета Яминская орыс ұлтының “Бұқтырылған ет” тағамын сәндеп салып, үстел басына қойды. Әбден машықтанып алған бұрымды 35-ақ минут уақытын жұмсаған.
ЕЛИЗАВЕТА ЯМИНСКАЯ, студент:
– Жалпы, бүгінгі тағамдардың дайындалу барысы өте жеңіл, көп уақытты талап етпейді. Ас әзірлеу барысында түрлі көкөніс пен сиыр етін пайдаландық. Біздің жас аспаз ретінде берген ақыл-кеңесіміз біреудің кәдесіне жарайды деген сенімдемін.
Шеберлік сағаты облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мұрындық болуымен ұйымдастырылды. “Шекарасыз ас үй” деп аталуында терең мағына жатыр. Елімізде 130-дан астам ұлт өкілі бар.
Татулығы жарасқан халқымыз әрқайсысының мерекесінде өз тағамдарымен ғана шектеліп қалмай өзге ұлттың да тәтті-дәмдісін әзірлейді. Бұл – сыйластықтың нышаны.