Татар, неміс, тәжік, әзірбайжан. Бүгін облыстық тарихи-өлкетану музейінде аталып өткен ұлттардың салт-дәстүрлері мен ойындары паш етілді. Қызметкерлер қонақжайлылық танытып, оқушыларды кіреберістен қазақтың дәстүрі – шашумен қарсы алды. Кейін ортаға орыс халқының наны – каравай шығарылды. Айта кеткен жөн, бұл нанды орыс халқы екі жас үйленгенде ауыз тигізеді екен. Сонымен қатар, балалармен “Ручеек” ойыны да ойнатылды.
ҒАЛИЯ БЕРДАҒҰЛОВА, облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі:
– 1 Мамырға арналған мерекеде мен Тәжікстан елін бейнелейтін боламын. Балалармен “Үй иесі” деген ойын ойнаймын. Үш орындық шығарылады, олардың үстінде қуыршық, ыдыс-аяқтар болады. Музыкаға байланысты оқушылар сол затты көтеруі қажет. Әрбір шыққан адам бір-бір ойыннан өткізеді. Себебі, шара 1 сағатқа созылады. Жалпы, көптеген кісі музейге келеді. Осындай, бір жұмалық шара болған кезде арнайы жоспар жасалып, балаларды шақырамыз.
Әр ұлттың киімдері көздің жауын алады. Салт-дәстүрлері де ерекше. Бүгінгі шараға келген “Дарын” мектеп-лицейінің оқушылары татар халқының «Қазанды ұр» атты ойынын ойнады.
Олар көздерін байлап, қолдарына таяқ ұстайды. Достарының нұсқауымен қазанның қайда тұрғанын анықтап, оны дәлдеп ұру қажет. Осы қарқынмен барлығы ұлттық ойынды кезек-кезекпен ойнап шықты.
– Маған татар халқының ойыны ұнады. Киімдері де әдемі. Бәріміз белсене қатысып жатырмыз.
– Бәрінің көңілі көтеріңкі. Ойындар қызықты әрі көңілімнен шықты.
Облыстық тарихи-өлкетану музейіне келесі шақырылатын меймандар – 1-ші гимназияның оқушылары. Оларда өзге ұлттың салт-дәстүрі мен ойынын тамашалайды.
Гульден Симбаева