Қоғам

22М автобусы өз жұмысын тоқтатады

Петропавлда маршрут саны біреуге қысқарды. Мамырдың 1-інен бастап 22М автобусы өз жұмысын тоқтатады. Өйткені, аталған бағыттың табысынан гөрі шығыны көп дейді облыстық «Автокөлік одағы» қауымдастығының төрағасы Галина Семёнова. Оның айтуынша, бұл 22-ші маршрутты тоқтату туралы бір жыл бұрын көтерілген екен. Іс кейінге шегіріліп, мәселенің шешімі бертін келе шығарылды.

ГАЛИНА СЕМЁНОВА, «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

– Расымен де бұл маршрут тиімсіз болып тұр. Демалыс күндері жолаушысы тіпті аз болады. Кірісі төмен. Тапқан табыстың өзі жүргізушілерге жөнді жалақы беруге мұрша бермейді. Жанар-жағармай алуға тіпті жетпейді.

Бұл мәселемен Юрий Сиваш жақсы таныс. 22М автобусын жүргізіп жүргеніне бірнеше жыл болыпты. Жолаушы қатарының кемігенін растап отыр.

ЮРИЙ СИВАШ, автобус жүргізушісі:

– Соңғы уақытта жолаушы қатары сиреп кетті. Солярка алуға ақша жетпейді. Қосалқы бөлшектердің бағасы көтеріліп жатыр, ал машинаны уақытында жөндеп отыру керек. Оған қоса төленетін жалақы да мардымсыз. Мұндай еңбекақы төленетін жұмысқа ешкім келе қоймайды. Тіпті, жүргізушінің жоқтығынан автобустардың тұралап тұрған кездері де болды. Әрине, осы орайда тұрғындардың тарапынан наразылықтың болғаны жасырын емес. Өйткені, автобус шықпағандықтан оны күту аралығы ұзарып кетті.

22М автобусының жүруі тыйылғаннан кейін оның бағыты өзге маршруттарға бөлініп беріледі.

ГАЛИНА СЕМЁНОВА, «СҚО Автокөлік одағы» қауымдастығының төрайымы:

– 24-ші автобустың жүру схемасы өзгереді. Қоғамдық көлік Пестрое көлі тұсынан қозғалып, ет комбинаты, аквапарк арқылы өтіп, вокзалға жетеді. 24-ші бағыт көтерме-сауда орталығына келетін жолаушы санын арттыруға септеседі деп топшылап отырмыз. ПАМЖЗ-да жұмыс істейін жолаушылар көліксіз қалмас үшін 27-ші автобустың бағытын сәл өзгертеміз. Ол бұрынғы схемамен жүреді, бірақ зауытқа соғып отырады. Осылай біз көліктердің қозғалуын оңтайландырып, жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырамыз.

Галина Семёнованың айтуынша, 22М автобусы тоқтағаннан кейін қоғамдық көлік жетіспей жатса қосымша автобус тартылады. Бүгінде облыс орталығында 19 маршрут құрылған, 160 қоғамдық көлік бар.

 

Гульден Симбаева