Қоғам

«ТОП» такси қызметі

«ТОП» такси. Осындайды естуіңіз бар ма? Бұл – Ресей қалаларына жолаушы тасымалдаумен айналысатын такси қызметі. Құрылғандарына 4 жыл болыпты. 4 жылдың ішінде сенімді сервиске айналып отыр. Яғни, қауіпсіз әрі ыңғайлы. Сергей Судников – такси жүргізушісі. Петропавл мен Түмен арасында қатынайды. Айтуынша, жолаушы саны көбінесе мейрам күндері артады.

СЕРГЕЙ СУДНИКОВ, такси жүргізушісі:

–  Такси жүргізушісі атанғаныма 3 жыл болды. Жол жүру – менің өмірім десем артық айтқандық емес. Көлікке отырған жолаушы саны аз болса да жол жүруді тоқтатпаймыз. Адамдарды үйінен алып кетіп, діттеген жерлеріне жеткіземіз. Қалаларда жүргізушілерге арналған үйлер бар, сонда демалып аламыз да қайта жолға шығамыз.

Жалпы, мұндай сервисті Андрей Головачевтің өзі ойлап тапқан. Кезінде ол Петропавл мен Омбы аралығында жолаушы тасымалдаумен айналысқан. Кейін адам саны арта бастаған соң осындай қызмет құруды жөн көріпті. Қазір қол астындағы қызметкерлер Петропавлдан Омбы мен Түменге бір апта ішінде 20-дан аса рейс жасайды. Жолаушылар сайт және мобильді қосымша арқылы тапсырыс бере алады.

АНДРЕЙ ГОЛОВАЧЕВ, “ТОП” такси қызметінің жетекшісі:

– Мобильді қосымшада жүргізуші мен көлік туралы барлық ақпарат бар. Астына өз пікіріңізді де жазып қалдыруға болады. Осы сәуір айында Петропавл-Омбы бағытында жаңа тариф іске қосылды. Көлік жолаушыға лық толып тұрса, онда 790 рубль, яғни 4393 теңге төлейсіз. Сонымен қатар, “ТОП” таксиге 9-шы рет мінген адам жол жүргені үшін ақша төлемейді.

«ТОП» такси қызметі даму үстінде. Қазір мұнда 20 жүргізуші мен 2 оператор бар.

 


Гульден Симбаева