“Домбыра – Дастан”. Демалыс күндері облыс орталығында осындай атаумен III республикалық күй тартыс өтті. Сайыс білім беру саласының үздігі және сайыстың негізін қалаушы Серікбай Здуалиевті еске алу құрметіне арналған.
ТҰҢҒЫШ БЕКЕНАЙҰЛЫ, “Домбыра – Дастан” күй тартыс жобасының жетекшісі:
– Бұл байқау жыл сайын өткізіледі. Өткен жылы Ақжар ауданы Талшық ауылында күй тартыстың негізін қалаушы Серікбай Здуалиевтің құрметіне өткіздік. Бұл байқауда балалар жұп болып сайысады. Әділ-қазылар алқасы балалардың ойнау техникаларына, дыбыс тазалығына және сахналық мәдениетіне көңіл аударады.
Сайысқа домбыраның құлағында ойнайтын 22 жас қатысуда. Сайдың тасындай іріктелген жастар жұп-жұпқа бөлініп жарысады. Яғни, бірі бастаған күйді екіншісі іліп әкету керек. Осылай, домбырашылар бірнеше күйдің басын қайырады. Бәсі биік бәсекелердің бірі қос солтүстікқазақстандық арасында орын алды. Ортада – Ермек Серкебаев атындағы өнер көлледжінің студенті Шырайлым Нұрлан мен ақжарлық Шахмұрат Әйткен.
Тартысты Шырайлым Нұрлан бастады. Бұрымды беташар күй ретінде “Наурыз” туындысын таңдады. Оны Шахмұрат Әйткен іліп әкетті. Жастар біраз тартысты. Екеуі де кіл мықты екендерін көрсетті. Домбырашылар еш кідірмеді. Қазылар алқасына да қос жүйріктен жеңімпазды анықтау қиынға соқты. Бірақ, азғантай ғана басымдықпен келесі айналымға ақжарлық Шахмұрат Әйткен жолдама алды.
ШАХМҰРАТ ӘЙТКЕН, байқауға қатысушы, Ақжар ауданы:
– Домбыра ойнап жүргеніме 8 жыл болды. Күй тартысқа өткен жылы да қатыстым. Онда жүлделі 3-ші орынға іліктім. Бүгінде 10-нан астам күй білемін. Алғашқы қарсыласымның домбыра ойнау деңгейін жоғары бағалаймын. Лайықты қарсылық танытты.
Жарысқа Қызылорда облысы мен Қарағанды қаласынан келген жастар да қатысуда. Нұрмұхамед Жақанов Тәттімбет атындағы Қарағанды өнер көлледжінің намысын қорғауда. Жалындаған жас 8 жылда 80-ге тарта күйді жаттап алған.
НҰРМҰХАМЕД ЖАҚАНОВ, байқауға қатысушы, Қарағанды қаласы:
– Осындай сайыстардың елімізде болып жатқандығы қуантады. Жаһандану саясатының салдарынан ұлттық өнеріміз ұмытылып барады. Домбыра бұл қазақтың жан тебіренісі, рухы. Шертпе күйде Арқамды елестетем. Қазақ елі домбырамен мақтану керек. Екінің бірінде мұндай ұлттық, жанға жайлы аспабы жоқ.
Алыстан келген құрметті қонақтарға ұйымдастырушылар арнайы жүлде дайындапты. Жалпы, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге грамота мен медальдар берілді.
Алдияр Айтпаев