Облыс орталығында көктемгі дала жұмыстарына дайындық бойынша семинар-кеңес өтті. Халықаралық деңгейдегі шара алдында қатысушылар мен қонақтар “Агро Қызылжар 2023” көрмесін тамашалады. Салаға аса қажет өнімдер мен техника таныстырылған алаңда аймақ басшысы Айдарбек Сапаров та болды. Кейін жиналған қауым Оқушылар сарайын бетке алды. Көп кешікпей бастау алған алқалы жиынның шымылдығын өңір жетекшісі ашты.
АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Тәуелсіздік алғалы аграрлы сала жан-жақты дамып келеді. Енді біздің ортақ мақсатымыз – оны жаңа деңгейге көтеру. Жуырда өткен кеңейтілген кеңесте мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Президент ауыл шаруашылығы саласының потенциалын толық қолданып, елімізде тауар көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуі қажет деп атап өтті. Жиналыс барысында саланы дамытуға бағытталған жаңа идеялар айтылып, жақсы пікір алмасу болады деп сенемін.
Ауыл шаруашылығында пікір алмасу аса қажет. Тілдескенде жер емген шаруалардың өзі білгенім бір тоғыз, білмегенім тоқсан тоғыз деп жатады. Мұндай сәтте саланың жілігін шағып, майын ішкен өзге адамдардың ақыл-кеңесі маңызды рөл атқарады. Сол себепті, Қызылжарға елорда мен Ресейден білікті мамандар шақырылыпты. Мінберген сөз алған С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы Қанат Тіреуов жаңа сұрыптар төңірегінде әңгіме қозғады. Бұл іс селекциялық-тұқым өсіру орталығының басшысы Пётр Николаевқа да жақын. Омбылық мейман – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Ол туған жердегі диқандармен тығыз қарым-қатынаста болу – азаматтық міндетім деп санайды.
ПЁТР НИКОЛАЕВ, селекциялық-тұқым өсіру орталығының басшысы, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, РФ:
– Біз солтүстікқазақстандық әріптестерімізбен бірге жаңа тұқым түрлерін шығарамыз. Соңғы ортақ өнімді “Семёновна” деп атадық. Бұл атау Шағалалы ауылындағы тәжірибе станциясында ұзақ жыл еңбек еткен қазақстандық селекционер Ольга Гаастың құрметіне берілді. Сорт ауруға, құрғақшылыққа төзімді, шығымдылық көрсеткіші жоғары. Мысалы, диқандар бір гектардан 40-45 центнер өнім алады. Жалпы, біздің орталық осы облыстағы 10-нан астам серіктестікпен әріптестік орнатқан.
Сапасы жоғары тұқым демекші, осы күні солтүстікқазақстандық диқандар танапқа сіңірер дәнмен толық қамтылған. Бұл жайлы мінберге шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов мәлімдеді. Баяндамада минералды тыңайтқыш жайлы дерек те жария етілді.
МАРАТ ТАСМАҒАНБЕТОВ, СҚО әкімінің бірінші орынбасары:
– Алдағы дала жұмыстарына өңірімізде 97,7 мың тонна тұқым дайындалды. Қажетті өнімнің бір бөлігі Қазақстанның өзге облыстарынан және шекара сыртынан жеткізілді. Биыл 3 млн гектар жерге 200 мың тоннадан аса минералды тыңайтқыш сіңіруді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда оның 181 мың тоннасы немесе 91 пайызы бойынша келісімге келдік.
Көктемнің бір күні – жылға азық! Мұны жақсы білетін диқандар баяндамашылардың айтқанын мұқият тыңдады. Ғалымдардың ақыл-кеңесін қағазға түртіп жатқандар да болды. “Астык-STEM” серіктестігінің директоры Сергей Звольский науқанға дайынбыз деп отыр. Биыл агроқұрылым әртараптандыру жұмысына көңіл бөліпті.
СЕРГЕЙ ЗВОЛЬСКИЙ, “Астык-STEM” ЖШС директоры:
– Биыл көкөніске тиесілі жердің көлемін ұлғайтамыз. Мысалы, картоптың өзіне 500 гектар бөліп отырмыз. Минералды және органикалық тыңайтқыш қолдану – күн тәртібінен түспейтін мәселе. Біз бірнеше жылдың көлемінде құстың қиын қолданып келеміз. Нәтиже көңіл қуантады. Бүгінгі жиын көңілімнен шықты. Әріптестерімнен біраз ақпар алдым.
Семинар-кеңес соңында облыс әкімі жауапты басқарма мен аудан басшыларына көктемгі дала жұмыстарын уақытында және сапалы өткізу жөнінде тапсырма берді. Сондай-ақ, диқандарға сәттілік тіледі!
Байболат Култанов