Қоғам

Облыстық ҚХА-да түріктердің Балалар күні мерекесі аталып өтілді

Түркияның ұлттық мерекелерінің бірі Достық үйінде аталып өтілді. Бауырлас елдің Балалар күні мейрамы елдің егемендігі мен бүкіл әлем балаларына арналған.

Мерекеге орай Достық үйінде арнайы концерт ұйымдастырылды. Көңілді кешке 14 жасар Фатали Чахалов қатысты. Қонақтарға арнап ол достарымен бірге ерекше нөмір дайындапты.

ФАТАЛИ ЧАХАЛОВ, №17 ұлттық өркендеу орта мектеп-кешенінің оқушысы:

– Түркияда балалар күні қалай аталып өтілетіндігі жайында түрік тілінде жазған мәтінімді оқыдым. Досым оны қазақ тіліне аударып оқыды. Бұл күні Түркияда балалар бір күнге президент пен министрлердің орындықтарына отырады. Ататүрік заманынан бері мереке елдің есінде қалсын деп осылай жасалып отырған.

Шенеуніктерді алмастырған балалар бұл күні жаңа жарлықтарға қол қойып, отбасылық және соның ішінде балаларға қатысты мәселелерді талқылайды. Жалпы, Достық үйіндегі шараға аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары шақырылды.

ЭКРАМ БАШАРАН, “Түрік мәдениеті” ҚБ төрағасының орынбасары:

– Түркияда балаларға көп көңіл бөлінеді. Мұны Ататүріктің өзі де басты назарға алған. Бүгінде жастарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетілуде. Сондықтан, біз бұл күнді ерекше атап өтеміз.

Бұл мерекені бауырлас ағайын 1920 жылдың 23-ші сәуірінен бастап тойлап келеді.

 

Алдияр Айтпаев