Құқық қорғау органдары

«Антифрод» жедел-алдын алу шарасы

Криминалдық полиция қызметкерлері сәуірдің 18-і мен 20-сы аралығында интернет-алаяқтық фактілерін ашу және олардың алдын алу бойынша «Антифрод» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізді. Бұл күндері бөтен адамдардың атына шағын несие ресімдеу, жалған хабарландырулар үшін алдын ала төлем алумен байланысты 15 желілік қылмыс ашылған. Сондай-ақ, полицейлер көшеге шығып, алаяқтардың әрекеттері туралы түсіндіру шараларын жүргізді.

Мұхаммед Кәрменов, қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі:

– Петропавл қаласының халқына, тұрғындарына интернет-алаяқтыққа қарсы мәліметтер бар жадынамалар мен парақшалар таратылуда, түсіндірме жұмыстар жүргізілуде. Интернет-алаяқтардың құрбаны болмау жөнінде, олардан қоңырау түсіп жатса, олардың іс-әрекеттеріне қарсы шаралар қабылдау жөнінде түсіндіру шаралары жүргізіліп жатыр.

Полиция қызметкерлері құпия деректі ешкімге жібермеу керек, алдын ала төлем жасамау қажет дейді. Банктен шалынатын қоңырауға да сенбеген жөн. Белгісіз адамдардың сырттай қысым жасап, ақша аудар дегеніне көнбеу керек.
Жуырда 68 жастағы қала тұрғынына белгісіз адам хабарласып, өзін полиция капитаны ретінде таныстырған. Қызыңыз адам қағып кетті деген. Тіпті, тұтқаның ар жағынан «Анашым, көмектес!» деген әйел адамның даусын қосқан. Мәселені шешу үшін 100 мың теңге талап етіпті. Бұл әңгіме зейнеткердің күмәнін туғызады, бірақ қызының аты-жөні дұрыс аталған және даусының ұқсастығын байқайды. Банкомат жанында тұрған әйел адамның елең-алаң күйін учаскелік полиция инспекторы Медет Сәдуов байқап қалады. Ол бұл істің алаяқтық екенін дәлелдейді.

– Мені байқап қалған полиция қызметкеріне алғысым шексіз. Енді болмағанда алданып қалар едім.

Міне, қазіргі уақытта соындай жағдайлар аз емес. Сол себепті, тым сенгіш болмай, абай жүру керек дейді тәртіп сақшылары.

 

Данаш Хамзина