Қоғам

42 жыл бойы темір тұлпар тізгінінде

42 жыл бойы темір тұлпар тізгіндеген Николай Бравлик. Ол 6 жылдан бері М.Жұмабаев атындағы жалпы орта мектебінде жүргізуші болып жұмыс істейді. Қызметін таңғы сағат 7:20-да бастайды екен. Әр үйге барып, балаларды алып кетеді. Түстен кейін қайта үйлеріне апарады.

НИКОЛАЙ БРАВЛИК, көлік жүргізушісі, М.Жұмабаев ауданы:

– Сан салада жұмыс істедім, бірақ көлік тізгінінен айырылған емеспін. 2018 жылы мені М.Жұмабаев атындағы мектепке жұмысқа шақырды. Қуана-қуана келістім. Зор жауапкершілікті де сезіндім. Ата-аналар маған балаларын сеніп тапсырып отыр. Бейжай қарайтын жұмыс емес.

Мектептің атмосферасы да ерекше. Жүзі жылы, жүрегі махаббатқа толы жандар. Мектеп әкімшілігі Николай Бравлик секілді қызметкердің барына дән риза.

ЖАНАРА БУХАРБАЕВА, М.Жұмабаев атындағы орта мектебі директорының орынбасары, М.Жұмабаев ауданы:

– Ол кісі – өте жауапты адам. Өзінің мамандығына сай. Әрдайым балалармен тығыз байланыста. Николай Иванович аудан деңгейінде білім бөлімінен марапаттау қағазын алды және мектептің атынан марапат қағаздарына ие болуда. Жуырда туған күні болып өтті. Ұжыммен бірге құттықтадық. Себебі, ол ұжымда маңызды орын алады. Ол әрдайым бізбен бірге.

Николай Бравлик мектеп-интернатта тұратын оқушыларды да тасымалдаумен айналысады. Әр аптаның жұма күні 17 баланы өз ауылдарына апарады. Жексенбі күні білім ұясына әкеледі. Балалар оны “Коля ағай” деп атайды. Еркелейді, ақыл-кеңес сұрайды.

– Коля ағай өте мейірімді. Онымен жүргенде ешқашан іш пыспайды.

– Николай Иванович өте жақсы адам.

Еңбекқор жан өз білген-көргенін бөлісуден жалыққан емес. Саласынан жинаған тәжірибесі таудай. Көлік тізгіндеуді әкесінен үйренсе, енді өзі де балаларына үйрету үстінде. “Немерем ер жеткенде оны да еңбекке баулимын”,-дейді.

 

Аснурия Абдула