Осыдан бірнеше жыл бұрын Соколов ауылының маңындағы 2 гектар аумақтағы ағаштарды өрт шарпыған болатын. Соның орнына жаңадан қайың көшеттері егілуде. Әуелі трактормен жер жыртылады. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” демекші, бүгінгі шараға 20 адам белсене қатысуда.
ГҮЛДЕН СЕМБАЕВА, тілші:
– Қазір Соколов ауылы маңайындағы орманға көшет егілуде. Олардың аралықтары 30-50 см болуы қажет. Әйтпесе, өсе келе бір-біріне кедергі болуы мүмкін.
Бұл шараға Қозыбаев университетінің түлектері де ат салысып жатыр. 4-ші курс студенті Кәмилә Кәрімова – болашақ орманшы. Бойжеткен Соколов орман шаруашылығында өндірістік тәжірибеден өтуде.
КӘМИЛӘ КӘРІМОВА, М.Қозыбаев атындағы СҚУ студенті:
– Күннің суығына қарамастан көшет егуге келдік. Бұған дейін Қызылжар ауданында өндірістік тәжірибеден өткен болатынмын. Онда да ағаш отырғыздық. Таңдаған мамандығым өзіме ұнайды. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін осы мамандық бойынша жұмыс істегім келеді.
Жер жыртылды, көшеттер де егілді. Бір жолақта – 50-60 қарағай. Жалпы, 6 мыңға жуық түп отырғызылды. Соколов орман шаруашылығы қазметкерлерінің биылғы жоспары – 400 гектарға ағаш отырғызу.
НАЗАР ҚАПАРОВ, Соколов орман шаруашылығының директоры, Қызылжар ауданы:
– Жалпы, қарағай көшеттерін өзіміздің тұқымбақта өсіреміз. Мекеме бойынша 2 тұқымбақ бар. Әрқайсысының аумағы 4 гектарға жуық. Қайың, қарағай тұқымдас ағаштарын өсіреміз. Оларды 2 жыл бойы баптаймыз. Сосын оларды орманға әкеліп отырғызамыз. Көшетті көктем мен күз маусымында отырғызу қажет. Ағаш бүршік атқанша дейін көшет отырғызып үлгеру керек.
Табиғатты қорғау, аялау – әрбір азаматтың міндеті. Сол себепті, мамандар тұрғындардың демалыс уақытында орманды ластамауын сұрайды. Облысымызда 2025 жылға дейін 20 мың гектарға 100 млн ағаш отырғызылмақ. Олардың дені – қайың. Ал 2 жылдың ішінде 11 млн-ға жуық көшет егіліпті.
ВАСИЛИЙ ЛАБАНЧУК, СҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы:
– Отырғызылып жатқан қайыңдар 120 жылға дейін жайқалып тұрады. Жалпы, 2021 жылы 850 га ағаш егілсе, алдағы уақытта одан 8 есеге көп отырғызу жоспарланып отыр. Биыл 4100 га 21 млн ағаш егіледі. Былтыр жергілікті бюджеттен шаруашылықтарға техника алуға 214 млн теңге бөлінген болатын.
Бүгінгі таңда облысымызда 12 орман шаруашылығында 400-ге жуық адам жұмыс істейді.
Гульден Симбаева