Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғам

Қоғамдық кеңесте облыстың даму қарқыны талқыланды

Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының бес жылдығы. Бүгін кешенді жоспар қоғамдық кеңесте талқыланды. 2021-2025 жылдар аралығында өңірдің әлеуетін арттыруға 1,8 трлн теңге бағытталып отыр. Оның аясында 87 іс-шараны жүзеге асыру міндеті тұр. Басымдық сапасы көңіл көншітпейтін жолдарға берілмек.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Бүгінгі таңда жергілікті маңызы бар жолдардың 78% қанағаттанарлық дәрежеде. 2022 жылы 21,7 млрд теңгеге 449 шақырым жолда жөндеу және қайта салу жұмыстары жүргізілді. Биыл 18,3 млрд теңге сомасына жергілікті маңызы бар трассалардың 480 шақырымын жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде жыл соңында көрсеткіш 84%-ға жетпек.

Ауыл-аймақты дамыту мәселесі де басты назарда. Елді мекендердегі тұрғындардың сол жерде тұрақтап қалуы үшін оларға жайлы жағдай жасау қажеттігі айтпаса да белгілі. Былтыр “Ауыл-ел бесігі” жобасы аясында 5,5 млрд теңгеге 49 жоба іске асырылуы тиіс еді. Жоспардың 90%-ы орындалыпты.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Жобаны іске асыру 36 ауылды жаңғыртуға мүмкіндік берді. 18 білім беру мекемесі, 3 денсаулық сақтау және 7 мәдени нысан жөндеуден өтті. Новоишимка ауылында орталық қазандық, ал Бескөлде жылу желілері салынды.

Өз баяндамасында Қуанышбек Қалижанов сан түрлі саладағы атқарылған жұмыстарды тілге тиек етті. “Бірақ, мәселелер көтерілмеді”,- деді Павел Афанасьев.

ПАВЕЛ АФАНАСЬЕВ, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі:

– Баяндаманыз сандарға толы. Бірақ, салыстырмалы анализ жасалмаған. Жолдар жайлы айттыңыз. Бірақ, қоғамдық көлікпен қамту бойынша сөз қозғалмады. Ағайын ауылдан қалаға қалай қатынап жүр? Ауылдар арасындағы байланыс қалай? Ауыл тұрғындары облыс, тіпті, аудан орталығына жету қиын деп шағымданып жатады. Демография бойынша да ақпар болса жақсы болар еді.

Бейінді басқарма басшысы қоғам белсендісінің барлық ескертпелерін алдағы уақытта ескеретіндігін айтты.

 

Алдияр Айтпаев