БілімҚоғам

“Жұмыс орнында оқыту” бағдарламасының басымдығы

«Прогресс» тігін фабрикасында күнделікті қызу жұмыс. Цехта тігіншілер таңнан кешке дейін арнайы қызметтік киім тігеді. Бір орында бел жазбай отыратын серіктестік шеберлері жаңа жас кадрлармен толығып тұрады.

Қазір Юлия Есимова қызметтік киімдердің қалталарын тігіп жатыр. Нәзікжанды цехқа өткен жылдың күзінде келген. Ол жұмысқа орналасар алдында “Жұмыс орнында оқыту” бағдарламасы аясында осы фабрикада 4 айлық оқытудан өтіпті. Қолына сертификат алған соң қызметке тұрған.

ЮЛИЯ ЕСИМОВА, “Прогресс” тігін фабрикасы” ЖШС тігіншісі:

– Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп бардым. Ондағы мамандар маған “Жұмыс орнында оқыту” бағдарламасы жайлы айтты. Келісе кеттім. Өзім ешқашан тігін машинасына отырмағам. Осында келіп, бәрін үйрендім. Жұмыс орны жасап жатқан жағдайға көңілім толады. Ұжым тату, жалақы да жақсы. Негізі, өзімнің мамандығым – есепші.

Жалпы, “Жұмыс орнында оқыту” бағдарламасы аясында өткен жылдың күзінде Юлия Есимовамен мұнда 6 адам тігіншіліктің қыр-сырын меңгерген.

ДИНАРА ТӨЛЕГЕНОВА, “Прогресс” тігін фабрикасы” ЖШС PR-менеджері:

– Бізге тәжірибесі жоқ адамдар келеді. Жерлестеріміз таңғы 8-ден кешкі 5-ке дейін осында жүріп, істің қыр-сырымен танысады. Қолы епті кейбір нәзікжандылар оқытудан 1 айда өтеді. Бәрі өздеріне байланысты. Жұмыспен қамту орталығымен бірлесе 2 жыл ішінде 20 тігінші даярлап шығардық. Оның 11-і бізде жұмыс істеуге қалды.

Еңбекке баулу кезеңінде жұмыспен қамту орталығынан жерлестерімізге 69 мың теңге көлемінде стипендия да төленеді. “Жұмыс орнында оқыту” – тың бағдарлама. Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында қолға алынған.

ЕРКЕБҰЛАН РАЙЫМБЕКОВ, қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы:

– Қазіргі таңда тігін фабрикасынан бөлек, шаштараз қызметін ұсынатын жеке кәсіпкерлікпен келісімге келдік. Онда 15 солтүстікқазақстандық оқытудан өтуде. Жұмыс берушілердің өтініштеріне сәйкес, алдағы уақытта кәсіпорындар мен фабрикаларға аспаз, кондитер, дәнекерлеуші мамандығын меңгергісі келетін жандарды жібереміз. Сондай-ақ, биыл көкөніс өсірушілерді даярлауды жоспарлап отырмыз.

Жерлестерімізді оқытатын жұмыс берушілер бір оқпен екі қоян ататынын айта кету қажет. Біріншіден, олар өздеріне кадр даярлайды. Екіншіден, әрбір тәжірибе жинаушы үшін ай сайын 49 мың теңге көлемінде субсидия алады.

 

Алдияр Айтпаев