Ауыл шаруашылығы

СҚО-да 58 ірі қара малдан бруцеллез ауруы анықталды

Осыдан бірнеше күн бұрын Қызылжар ауданындағы Байсал ауылында ірі қара малдан бруцеллез анықталды. Төрт түлік зерттеліп, сынама жүргізілді. Бойында дерті болған үй жануарлары санитарлық союға жіберілді. Аурудың белең алуына байланысты Байсал ауылында бірқатар шектеу шаралары енгізілді.

НАРИМАН ТАСБОЛАТОВ, СҚО ветеринария басқармасының бас маманы:

– Осы шектеу іс-шараларына сәйкес елді мекеннен жануарларды шығаруға болмайды. Сонымен қатар, сүт өнімдерін тасымалдауға тыйым салынады. Шектеу енгізіліді. Бұдан кейін эпизоотияға қарсы арнайы сауықтыру іс-шаралар кешенін өткізетін боламыз.

Бруцеллез – жұқпалы әрі аллергиялық ауру. Бұл дерт адамдарға өнім арқылы жұғады. Сол себепті, төрт түлікке жылына 2 рет екпе қойып отыру қажет дейді мамандар. Жыл басынан бері Қызылжар ауданы бойынша 9 ірі қара малдан осы аталған ауру анықталған. Атап айтсақ, Плоское ауылында 4-еу, Асаново мен Байсалда қос-қос малдан табылған. Тағы біреуі өзге ауылдан шыққан. Айта кетейік, сиырларда көбінесе бруцеллез ауруы жиі кездеседі екен.

НАРИМАН ТАСБОЛАТОВ, СҚО ветеринария басқармасының бас маманы:

– Жыл басынан облыс аумағында барлығы 58 мал басынан бруцеллез анықталды. Өткен жылы 206 бастан шыққан болатын. Бруцеллезге оң нәтиже көрсеткен мал басы санитарлық союға жіберілді. Сонымен қатар, мал қораларында дезифекция жүргізілді.

Наурыз айында басталған көктемгі екпе егу науқаны әлі жалғасуда. Ірі қара малдың 70 пайызына екпе егілген. Жұмыс маусым айының аяғына дейін созылады.

 

Гульден Симбаева