Қоғам

Ораза Айт намазы ертең таңғы 7-де оқылады

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Баршамыз асыға күткен Рамазан айы көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Қасиетті Құран түскен айда мұсылмандар бір ай бойы ораза ұстады. Таң сәріден күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жаманшылық атаулыдан өзін пәк ұстап, тыйылды.

Бұл ай мың айдан да қайырлы. Сауабы мол 30 күнде ағайын жақсылық жасауға асықты. Ренжіскен адамымен татуласып, ағайынмен араны ауызашарда, бір үстел басында жақындатуға әрекет жасады. Алла үйі де күнде кешке тарауық намазына жиналған жамағатқа толы болды.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Адам Рамазан айында ғана жақсы жаққа өзгермеу керек. Қоғамтану, психолог мамандары адам бір нәрсені 20 күннен артық қайталайтын болса, ол әдетке айналады деген. Рамазан айының да мақсаты сол. Адамды тәрбиелеу. Рамазан айынан кейін де осы істер жалғасын табуы керек.

Биыл өңіріміздегі 7 мешітте 11 қари қасиетті кітапты бастан-аяқ оқып шықты. Бұл айда қайырымдылық шаралары да көптеп өткізіліпті.

ХАМЗАТ ҚАЖЫМҰРАТҰЛЫ, “Қызылжар” облыстық орталық мешітінің бас имамы:

– Имамдар тек ұйымдастырушымыз. Қайырымдылықтың бәрін жасайтын мешітке келген жамағаты. Елдің атқамінер азаматтары мен қайырымды жандар келіп қайырымдық жасауға ниет білдіреді. Сондай жақсылар әкелген азық-түлікті, киім-кешек Рамазан ай бойы үлестірдік. Облыс бойынша 500-ге тарта жанұяға көмек көрсетілді. Түрлі ұлт өкілдері бұл айда арнайы күндерді белгілеп, ауызашар өткізді.

Рамазанмен қоштасқан ағайын ертең Ораза айт мерекесін қарсы алады. Таңғы 7-де өңірдегі барлық мешіттерде жамағатпен намаз оқылады. Одан кейін 6 күндік Шәууәл оразасы басталады. Ардақты Пайғамбарымыз “Кімде-кім Рамазанда ораза ұстап, оның артынан Шәууәлда 6 күн ораза ұстаса, ол жыл бойы ораза тұтқанның сауабын алады”,- деген екен.

 

Алдияр Айтпаев