БалаларМәдениет

Мағжан өлеңдерін оқудан жарыс өтті

Мен жастарға сенемін! Осындай атаумен Булаево қаласында шығармашыл жандарың арасында сайыс өтті. Мұнда өлең десе ішер асын жерге қояр жандар жыр жұлдызы – Мағжанның шығармаларын мәнерлеп оқыды. Қатысушылардың жалпы саны – 12.

Денис Мунч дүлдүлдер додасынан қалыс қалмады. Жас патриот Отанды шексіз сүйеді. Қазақ тіліндегі өлеңдерді жүрекке жеткізе оқиды.

ДЕНИС МУНЧ, байқауға қатысушы:

– Мен 12 жастамын. Бүгін Мағжан атамыздың “Мен жастарға сенемін” өлеңін оқыдым. Бұл өлең жаныма өте жақын. Оқыған кезде ләззат аламын, барлық эмоциямды сыртқа шығарамын. Бойымды мақтаныш сезімі кернейді. Туындыны 1 ай көлемінде жаттадым. Мұғалімім көмектесті. Әр сөздің, әр әріптің дұрыс айтылуына мән бердім. Болашақта қазақ тілін жетік меңгергім келеді.

Жас шамасында шектеу жоқ. Байқау шарты бойынша бүгін 3 жасар баладан бастап зейнеттегі қарияға дейін қатыса алды. Қарақат Қайратқызы әдебиетті жаны сүйеді. Даусы да тамаша. Осы артықшылығымен жеткіншек көпшілікті өзіне қаратты.

ҚАРАҚАТ ҚАЙРАТҚЫЗЫ, байқауға қатысушы:

– Мен осындай сайысқа алғаш қатысып жатырмын. Маған ұнап жатыр. Мағжан Жұмабаевтың “Жер жүзінде” атты өлеңін оқыдым. Ол осы өлеңі арқылы тәуелсіз, бірбеткей адам екендігін айтқысы келді. Сондай-ақ, Мағжанның “От”, “Жер жүзінде”, “Туған жер” және тағы басқа да өлеңдерін жатқа білемін.

Бұл байқау – үлкен доданың бастауы. Алда Мағжан жерінде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылмақ.

МАХАББАТ ФАЙЗУЛИНА, М.Жұмабаев ауданы орталық кітапханасының әдіскері:

– Осы шараны қалай өткіземіз деп қатты уайымдадық. Бірақ, сахнаның ар жағында тұрып тамашалап тұрдық. Балалар шығып, өлең оқығанда жүрегім елжіреп кетті. Осындай оқырмандардың бар екендігіне мақтанып тұрмын. Керемет патриоттық сезімдері бар екендігін дәлелдеді. Шараға белсене қатысқан кітапханаларға, кураторларға рахмет. Келесі іс-шара Мағжан Жұмабаев тұрған Сарытомар ауылында өтеді. Алдымызда үлкен семинар бар.

Мәнерлеп оқу сайысына аудан бойынша 18 кітапхана оқырмандары қатысты. 5 номинация тағайындалған. Барлық қатысушылар марапатталды. Жүлделі орын иегерлеріне диплом мен сыйлықтар табысталды.

 

Аснурия Абдула