Еліміздің білім беру саласында бірсыпыра өзгеріс орын алғаны белгілі. Соның кейбірі инклюзивті балаларды қалыпты ортаға бейімдеуге қатысты. Бұл жайлы Орталық коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингіде айтылды.
ӘЙГЕРІМ КУДЕРИНОВА, ҚР ОАМ «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры:
– Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың санаты кеңейтілді. Бұрын бұл санатқа мүмкіндігі шектеулі балалар ғана кірді. Қазір әлеуметтік, экономикалық тұрғыда қиын жағдайдағы балалар да осы санатқа кіреді.
Арнайы санаттағы балалардың дені – мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздар. Бүгінгі таңда Қазақстанда мұндай 188 мыңнан астам бала бар. Оларды оқыту оңай шаруа емес. Білікті педагогтер керек. Мемлекеттік қолдау да үзілмеуі тиіс. Брифингіде назар аударарлық тұстар айтылды.
ӘЙГЕРІМ КУДЕРИНОВА, ҚР ОАМ «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың Ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ директоры:
– Балаларды ерте жастан анықтап, көмек көрсету үшін мемлекеттік тапсырыс енгізілетін болады. Бұл – керемет жаңалық. Себебі, қазіргі таңда түзету кабинеттері мен оңалту орталықтарында үлкен сұраныс бар.
Брифингіде сөз алғандар ата-аналарды балаларымен кішкентай күндерінен жұмыс істеуге шақырды. Егер қандай да бір кемшілік байқалса, мамандарға жүгіну керек. “Олқылықпен күрес ерте басталса, ұл-қыздарды қалыпты ортаға бейімдеу жеңіл болады”,- дейді спикерлер.
Байболат Култанов