Қалалық жастар ресурстық орталығының өкілдері Гуманитарлық-техникалық колледж студенттерімен бірлесіп, сенбілік өткізді. Жастар революционер Настя Прокопичеваның ескерткішінің маңын сыпырып, жинастырды.
Жанат Кәкімов, қалалық жастар ресурстық орталығының басшысы:
– Қалада сәуір айынан бастап “Таза қала” атты акция өткізіліп жатыр. Алдымен саябақтарды тазалаудамыз. Тазалау жұмысын ядролық апат құрбандарына арналған алаңнан бастадық. Бүгінгі шараға 20-ға жуық жас қатысып жатыр. Жастар белсенді әрі ұйымшыл.
Сенбілік – тазалықтың кепілі әрі қалаға сән береді. Сенбілікті соғұрлым жиі өткізіп тұрсақ, жұрттың экологиялық мәдениеті қалыптасып, артады дейді колледждің жастар ісі жөніндегі инспекторы Александр Супрунюк.
Александр Супрунюк, Гуманитарлық-техникалық колледждің жастар ісі жөніндегі инспекторы:
– Колледж студенттеріне сенбілік өткізу туралы ұсыныс тастап едік, барлығы қолдай кетті. Өз басым осындай шараларға жиі қатысамын. Қоршаған ортаны таза ұстау керек. Өзіміз осы жермен күнде серуендейміз. Бүгін қаншама қоқыс шығардық. Көбісі – былтырғыдан қалған кепкен жапырақ.
– Істейтін жұмыс көп. Жапырақтарды жинап алып, қапқа тығындап, қоқыс төгетін жерге апарамыз.
– Қоқыстың барлығын арнайы көлікке тиейміз. Сенбілік біздің ұйымшылдығымызды арттыра түседі. Барлығы белсенділік танытып жатыр.
Сенбіліктерге студенттер мен еріктілер ғана емес, тұрғындар да қатыса алады.