Қоғам

Жылжымайтын мүлікке қатысты қызмет көрсету уақытша тоқтайды

Халыққа қызмет көрсету орталықтарында жылжымайтын мүлік желісі бойынша қызмет көрсету уақытша тоқтайды. Үзіліс сәуірдің 26-сы мен мамырдың 9-ы аралығын қамтиды. Ал онлайн түрде алатын, яғни, eGOV.kz порталындағы аталған сипаттағы қызметтер келесі айдың 2-сі мен 9-ы аралығында қолжетімсіз болады. Бұның себебін “Азаматтарға арналған үкімет” филиалы директорының орынбасары Серік Бейсеновтен сұрадық.

СЕРІК БЕЙСЕНОВ, “Азаматтарға арналған үкімет” МК” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры” атты жаңа жүйе құрылып жатыр. Осы уақыт аралығында оған ескі жүйедегі деректер көшіріледі. Мамырдың 10-ынан бүкіл қызметтер қолжетімді болады.

Сала өкілдерінің айтуынша деректер қорын біріктіру тиісті құжаттарды бір жүйеден алуға мүмкіндік береді. Бұл азаматтар үшін анағұрлым ыңғайлы.

СҮЙЕНІШ ӘБДІЛДИН, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы:

– Жаңа жүйеге көшу мереке күндері ұйымдастырылады. Айта кетейік, ЖМБМК-ға көшу кезінде жер учаскелерін рәсімдеуге байланысты барлық өмірлік жағдай кезең-кезеңімен цифрланады. Одан бөлек, мемлекеттік қызметтердің барлық спектрін көрсету, оның ішінде жаңа және қолданыстағы учаскелер бойынша түзету енгізу мүмкіндігі көзделген. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлық қаупіне жол бермеу мақсатында жер учаскелері мен жылжымайтын мүлікті ресімдеу заңнамалық тұрғыда қарастырылады.

Айта кетейік, облыста жыл басынан бері жылжымайтын мүлік желісі бойынша 15 жарым мыңнан астам қызмет көрсетілген.

 

Аснурия Абдула