Петропавлда ұрлық пен парақорлық туралы іс бойынша сот тыңдалымы өтті. Айыпталушы орындығында 4 адам отыр: облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының бұрынғы басшысы Ілиясов, “Коммунхоз” кәсіпорнының директоры Айтбаев, “Даму 2013” серіктестігінің басшысы Шайымов пен “Астана Жол қызмет” серіктестігі директорының орынбасары Махмұтұлы.
АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Айыпталушылар мемлекеттік сатып алу жөнінде заңды бұзып, қалалық ТҮКШ бөлімінде жолдарды күтіп ұстауға және ағымдағы жөндеу жұмысын жүргізуге «Коммунхоз» кәсіпорнымен келісім-шарт жасасқан. Іс жүзінде серіктестік бұл жұмыстарды атқармай, істі басқа мердігерге жүктеген. Осы ретте тиісті компанияны таңдау мемлекеттік сатып алу рәсімінсіз жүргізілген. Мұны қалалық ТҮКШ бөлімінде басшылық қызметте болған Бақыт Ілиясов өз пайдасына қолданған. 2021 жылдың қаңтарында ол Махмұтұлы мен Шайымовқа бюджетке бірлесе қол салуды ұсыныпты.
Әңгіме жұмыстарды жоғарылатылған сметалық құны бойынша толық көлемде орындамау жайлы. Ілиясов жоғарыда аталған қосалқы мердігерлерден пара алды. Махмұтұлы алғысы ретінде Ілиясовты Шортанды көлінің жағасындағы “Rixos” қонақ үйінде отбасымен бірге қонақ еткен. Бұл 2021-дің мамырында болған.
ӘЛИЯ МҰРАТОВА, мемлекеттік айыптаушы:
– Кейін Ілиясов Махмұтұлының жұмысына шарттың талаптарында көзделмеген 15 млн теңге көлемінде сыйақы тағайындаған. Бюджеттегі қомақты қаражатты “Коммунхоз” кәсіпорны арқылы аударған.
Сыйақыны Махмұтұлы бірнеше күннен кейін алған. Кейін қос отбасы маусым айында «Rixos»-та қайта жиналған. Содан соң Бақыт Ілиясов ТҮКШ бөлімі атынан «Коммунхозбен» мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасқан. Келісім негізінде 350 млн теңгеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуі керек болған.
ӘЛИЯ МҰРАТОВА, мемлекеттік айыптаушы:
– Осыдан кейін 2021 жылдың маусым айында Бақыт Ілиясов өзінің қылмыстық ниетін жүзеге асыра отырып, жасалған шартқа сәйкес өз іс-әрекеттерінің қоғамдық қауіптілігін толық сезіне отырып, Айтбаевтың атынан ТҮКШ бөлімі мен “Коммунхоз” арасында жасалған шарт негізінде жұмыстар толық орындалды деп актілерге қол қойған. Шын мәнісінде тиісті шаруа атқарылмаған. Осының негізінде «Коммунхозға» 350 млн теңге көлемінде ақша аударылады.
АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:
– Бұл жолы Ілиясовқа Махмұтұлы мен Шайымов пара ретінде құны 5 млн теңгеден асатын квадроцикл берген. Оған қоса Ілиясов өзінің 2013 жылғы «Lexus LX570» көлігін Махмұтұлының 2019 жылғы «ТОYOTA LAND CRUISER 200» көлігіне ауыстырған. Екіншісі біріншісіне қарағанда 13 млн теңгеге қымбат.
Ілиясов қызметтік құзыреттілігін пайдалана отырып атқарылмаған жұмысты атқарылды деп бірнеше актілерге қол қояды. Құжаттағы жұмыстың көлемі іс жүзіндегімен сәйкес келмейді. Бағасы да шарықтатылған. Тыңдауда жәбірленуші тараптың өкілі де сөз сөйледі. Бірақ, қалалық әкімдіктегі заң бөлімінің бас маманы бірде-бір сұраққа жауап бере алмады. Сотталушылардың адвокаттары жәбірленуші тараптың өкілін ауыстыру туралы өтініш білдірді. Бірақ, сот өтінішті қабылдамады. Істі қарау жұмысы сол құрамда жалғасады.
Алдияр Айтпаев