Халықты еңбекпен қамту – негізгі басымдықтың бірі. Өңірде бұл іспен жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы айналысады. Былтыр біраз шаруаның басы қайырылыпты. Мысалы, өткен жылы облыста 11 мыңнан астам адам тұрақты жұмысқа орналасқан.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Биыл 5 мың адамды жұмыспен қамтып үлгердік. Қазір тұрғындар 6 айға дейінгі қысқа мерзімді оқытудан өтіп, мамандық иесі атана алатынын еске саламын. Оқыту жұмыс орнында немесе арнайы орталықта жүзеге асырылады. Биыл 325 адам оқытудан өтті. Дені тракторшы-машинист, сатушы, кондитер, есепші сынды мамандықтарды меңгерді.
Оқыту барысында шәкіртақы төленеді. Жолақысына, тұруға және медициналық тексеруден өтуге материалдық көмек те көрсетіледі. Баспасөз брифингінде Ринат Елжасов көші-қон туралы да баяндады. Былтыр өңірімізге 681 отбасы немесе 2556 адам қоныстаныпты. Жұмысқа қабілетті 974 тұрғынның 820-сы еңбекпен қамтылған.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Биыл азаматтарды көшіру жөніндегі іс-шаралар жалғасын табады. Облысқа жұмыс күші басым өңірлерден 2 660 адамды және 138 қандасты қоныстандыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда елді мекендердің тізімі бекітілді. Теріскейді таңдаған жандарға көшуге және тұрғын үйді жалға алуға субсидиялар төленетін болады.
Бүгінгі күнге дейін өңірімізге 148 отбасы көшіп келіпті. Қоныстанғандардың арасында астаналықтардың үлесі басым. Сонымен қатар, “қандас” мәртебесіндегі 25 жанұя қоныс аударған. Басым көпшілігі Ресейден келіпті. Үстіміздегі жылы жаңашылдық барын да хабарлаймыз. Биыл облысқа көшуді қалайтын азаматтарға 4 млн теңгеге дейінгі сомада сертификат беріледі. Қаржыға үй сатып алуға, тұрғызуға немесе алғашқы жарна ретінде бағыттап, ипотека рәсімдеуге болады.
Байболат Култанов