БілімҚоғам

Колледж жатақханасы 60 пайызға дайын

Шаһардың қақ ортасында бой көтерген мына нысан алыстан көз тартады. Бұл – Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжі үшін салынып жатқан жатақхана. 9 қабатты ғимарат 244 адамға шақталған. Оны жергілікті “ПИЛОН” құрылыс компаниясы” серіктестігі алдағы күзге дейін тапсырмақ.

ОКСАНА ГРИБАНОВА, “ПИЛОН” құрылыс компаниясы” ЖШС директоры:

– Құрылысқа жергілікті қазынадан 890 млн теңге бөлінді. Бүгінге дейін қаржының 60 пайызын игердік. Кеше ғана ішкі қабырғаларды әрлеу жұмысы аяқталды. Жылжымалы саты қойылды. Енді еденді құйып, бөлмелерді бөлуге кірісеміз. Мамандарымыз кестеге сәйкес еңбек етіп жатыр. Құрылыс аяқталғасын аумақ абаттандырылады. Оған өзге компания жауапты болады.

Қазір құрылыс алаңында мамандар топ-топқа бөлініп жұмыс істеп жатыр. Мәселен, мына азаматтар қапталдағы есікке саты тұрғызуда. Жігіттердің бірі металды кеседі, екіншісі дәнекерлейді.

Электр құрылғымен металды өлшемге сәйкес кесіп жатқан Максим Малявин – Петропавл жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті. Болашақ құрылысшы биыл қолына диплом алмақ. Қазір жатақхананың құрылысына жауапты компанияда өндірістік тәжірибеден өтіп жүр екен.

МАКСИМ МАЛЯВИН, Петропавл жоғары құрылыс–экономикалық колледжінің студенті:

– Біздің мамандықта тәжірибенің алар орны бөлек. Сол себепті, өзім құрылыс алаңдарына құлшыныспен барамын. Тіпті, соңғы жылдары жазғы демалыста үйге бармай, қалада жұмыс істеп жүрмін. Бұған дейін басқа да компанияларда тәжірибе толықтырдым. Диплом алған соң біріне жұмысқа орналасқым келеді.

Жатақхананың өзіндік ерекшелігі болатынын да қоса кеткен жөн. Нысанды құрылыс компаниясы Петропавлда әлі қолданылмаған материалмен қаптамақшы.

ОКСАНА ГРИБАНОВА, “ПИЛОН” құрылыс компаниясы” ЖШС директоры:

– Ғимараттың сыртын фибропанель атты жаңа материалмен қаптамақшымыз. Ол 3 түсті болады. Нысан алыстан қарағанда көз сүйсіндірмек. Заманауи материалға қол жеткізу үшін арнайы зауытқа бардық. Келісімшарт жасалды. Қазір өндіріс орны біздің тапсырысты дайындап жатыр. Шамамен 2 аптадан соң қаптау жұмыстарын бастаймыз.

Бүгінгі таңда жатақхананы 50 адам тұрғызып жатыр. Алдағы уақытта көрсеткіш ұлғаюы мүмкін. Құрылыс компаниясы нысанды қаптау жұмысына қосымша еңбек күшін тартпақшы.

 

Байболат Култанов