Мәдениет

Оқушыларға тарихи орындар таныстырылды

Д.Карбышев атындағы №40 орта мектебінің оқушылары Петропавлдың тарихи жерлерімен танысуда. Олар Н.Погодин атындағы орыс драма театрынан бастап Қазақстан Констититуциясы көшесінің бойымен жүріп өтті. Мына театр алаңы бұрын Базарный деп аталған, кейін Октябрь деп өзгертіліпті. Бұл жерде Кеңес өкіметінің құрылуына қарсы шыққан 300-ге жуық адам жерленген екен.
Театр алдында Қарасай мен Ағынтай батырларға арналған ескерткіш тұр, сәл ары қарай саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешен орналасқан.

Ұл-қыздарға тарих қызық. Олар экскурсия жүргізушісінің әр айтқан сөзін мұқият тыңдады.

СТЕПАН РАЗИН, Д.Карбышев атындағы №40 орта мектебінің оқушысы:

– Алғаш рет сыныппен экскурсияға шығып тұрмыз. Көптеген қызықты ақпарат білдім. Экскурсия қызықты өтіп жатыр. Әрі қарай да пайдалы деректер айтылады деген ойдамын.

Қазіргі Қазпошта ғимараты жайлы айтпай кетпеске болмас. 90-шы жылдары бұл нысан сауда үйі болыпты. Бір күні өрт шыққан екен. Тілсіз жаудың салдарынан 3-ші қабат толығымен бұзылыпты. Қоса кеткен жөн, қаламыздағы кейбір ғимарат күрделі жөндеу көрсе, кейбірінің тіпті орны да қалмаған.

ЛЮДМИЛА ШЕРАУХОВА, “Абылай хан резиденциясы” музей кешенінің қор сақтаушысы:

– Кейбір ғимараттар жоқ. Сол себепті, балаларға нысандардың суретін көрсеттім. Әр бала өзінің туған жерін, тарихын білуі керек. Ұл-қыздардың қызығушылығы көздерінен байқалды. Олар өздерінің сұрақтарын да қойды.

Бүгінгі танымдық шараға 20-ға тарта оқушы қатысты. Мұндай экскурсия алдағы уақытта тағы ұйымдастырылмақ. Оған өзге мектептердің балалары шақырылады. Жалпы, оқушыларға 15-тен аса нысан таныстырылды.

 

Гульден Симбаева