“Ашамаев Ч.Т” ЖК өз жұмысын 2016 жылы бастаған. Полиэтилен пакеттерін шығаратын цехтің тасы жыл өткен сайын өрге домалауда. Биыл кәсіпорын жаңа ғимаратқа көшіпті. Ескірген қондырғылар жаңасына ауыстырылды. Айлық қуаттылық та 25-тен 40 тоннаға дейін артты. Алдағы уақытта бұл көрсеткіш 100 тоннаға жетеді деп жоспарлануда. Өндіріс орнының дамуына “DAMU” қоры зор үлес қосуда.
КОНСТАНТИН АБИБАК, “Ашамаев Ч.Т” ЖК басшысының орынбасары:
– Қондырғы алу мақсатында 2016 жылы “Жол картасы-2020” бағдарламасы аясында 27 млн теңге кредит алдық. “DAMU” қоры субсидия бөліп, пайыздық мөлшерлеме төмендеді. Осы мүмкіндікті биыл да пайдаландық. 143 млн теңге көлемінде несие алдық. Пайыздық мөлшерлеме 21,75% құрады. Оның 6%-ын ғана біздің компания төледі. Қалғанын “Damu” қоры субсидиялады.
Қазіргі таңда өндіріс орнында 25 адам жұмыспен қамтылған. Орташа жалақы – 180 мың теңге. Алдағы уақытта жеке кәсіпкерлік экологиялық таза пакет шығаруға ниетті. Ол үшін кәсіпорында тиістінің бәрі бар. Енді “DAMU” қорының жұмысына тоқталайық. Субсидия түріндегі мемлекеттік қолдау түрлі секторға бағытталады. Пайыздық мөлшерлеменің төмендеуі істің қайда ашылып, орналасатынына байланысты.
САЛТАНАТ УӘЛИХАН, “DAMU” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ СҚОФ менеджері:
– Кәсіпкерлер өз ісін қалада ашса, пайыздық мөлшерлеме 8% болады, ал аудандар мен ауылдарда – 7%. Қалғанын қорымыз субсидиялайды. Кәсіпкерлерге кепілдік те береміз. Кәсіпкерлердің банкке қоятын кепілдіктері жетпей жатса, біз өз кепілдігімізді бере аламыз.
Өңірде қор 2010 жылдан жұмыс істейді. Осы уақыт аралығында 5578 солтүстікқазақстандыққа мемлекеттік қолдау көрсетілген. Ағымдағы жылы 44 жобаға субсидия бөлініпті. Жалпы, биыл қор 8 млрд теңге көлемінде субсидия рәсімдемекші.
Алдияр Айтпаев