ТЖ

Заречный кенті маңындағы тас жолды су басты

АЛДИЯР АЙТПАЕВ, тілші:

– Республикалық маңызы бар Челябі-Новосібір тас жолының 525-ші шақырымы. Бүгін түнде бұл аумақты су шайды. Қызыл су шамамен 30 метр аумақты алып жатыр. Бұл жермен жаяу адам тұрмақ, көліктер де өте алмай кері қайтуда.

Қауіпсіздік мақсатында су шайған аумақтың екі жағында арнайы бекеттер орнатылып, көлік қозғалысы тоқтатылды. Төңіректі полиция және төтенше жағдай қызметкерлері күндіз-түні бақылауда.

Тасқын Заречныйдағы саяжайларға да кесірін тигізді. Қазір жазғы үйлерге су кіріп жатыр. Алдағы уақытта зардап шеккен нысандардың саны көбеюі мүмкін. Себебі, өзен деңгейі әлі де көтерілуде. Дегенмен, тұрғындардың үйлеріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.

– Бұл – жыл сайын болатын табиғи құбылыс. Қазір жолдың бір жағын ғана су алған. Саяжайларға да кірген. Бірақ, біздің үйлерге қауіп төніп тұрған жоқ.
– Өткен жылы жолды су шайған жоқ. Бұл – әлі бірінші толқын. 2017 жылы жағдай қиын болған еді. Қайталанбағанын қалаймыз.

Айта кетейік, тас жолдарды шайып, саяжайларға кірген қызыл судың тереңдігі 30-35 см құрайды. ТЖД мамандарының айтуынша, 19-20 сәуір күндері тасқынның деңгейі шарықтау шегіне жетеді.

РАМИЛЬ КАМАЛОВ, СҚО ТЖД бастығы:

– Қазіргі таңда судың үлкен көлемі Қызылжар ауданынан өтіп жатыр. Су деңгейі 2020 жылмен сәйкес келеді. Облыс орталығындағы қоймалар мен тоғандар толды. Бірінші толқыннан аса қауіп төніп тұрған жоқ. Ескеру қажет, екінші толқында су көлемі азырақ болады.

Әзірге су кірген саяжайлардың нақты саны белгісіз. Қазір жауапты сала өкілдері көкке дрон көтеріп, тасқын аумағында тұрған жазғы үйлерді есептеуде.

 

Алдияр Айтпаев