Қазақтың төкпе ақыны, солтүстіктің тумасы Шал ақынға 275 жыл толып отыр. Шал ақынның шын есімі – Тілеуке. Әкесі Құлеке батыр Абылайханның серігі болған деседі. Ақынның тырнақалды туындысы «Өлеңге тоқтамайды Шал дегенің» деп аталыпты. Суырып салмалылығы бала кезінен байқалған екен. Ақын өз өлең-жырларында сол жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерді баяндаған. Шал ақын ауданының тумасы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Қойшыбай Шәниев Тілеуке Құлекеұлының өлеңдері ұмыт қалмай, ауыздан-ауызға тарауда дейді.
ҚОЙШЫБАЙ ШӘНИЕВ, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:
– Шал ақын бабамыз – әр жанрда жазған ақын. 300 жыл бұрын жазған өлеңдері жоғалмай, ауыздан-ауызға тарап келеді. Әбіш Кекілбаев ғылым академиясында Шал ақынды Шоқан Уәлиханов, Төле биге теңестірген. Бұл теңістіру жай емес, оның өнеріне бағасын беріп тұр.
Шал ақын ауданына тау тұлғаның есімі 1999 жылы беріліпті.
Ауданда ақын құрметіне ескерткіш қойылған. Аудандық тарихи-өлкетану музейінде Шал ақынға арналған бұрыш бар. Онда оның портреттері мен өлеңдері жарық көрген кітаптар ғана қойылған.
МАРЖАН ТАУШАРОВА, Шал ақын ауданы тарихи-өлкетану музейінің директоры:
– Біздің ауданымыз 1928 жылы Төңкеріс ауданы болып, 40-шы жылы Октябрь ауданы болды. 63-ші жылдан бастап Сергеевка ауданы болса, 99-шы жылдан бастап ақын-жазушылардың өтінішімен Шал ақын деп қойылды. Шал ақын Аютас маңында жерленген. Музейде нақты Шал ақынның өзі ұстаған, өзі көрген заттары жоқ. Бізде – тек оның портреттері және шамалы кітаптары. Бір таң қаларлығы, музейді өзіміздің елді мекеннің халқы емес, сырттан келіп жатқан қонақтар қызықтайды. Шал ақынның шығармашылығына қызығушылық танытады.
Тілеуке Құлекеұлының мерейтойына арналып Шал ақын ауданының орталығында концерт ұйымдастырылды.
Гульден Симбаева