Аптадағы маңызды жаңалықтарҚоғамМәдениет

Облыс орталығында Ислам мәдениеті музейі ашылды

Қасиетті Рамазан айында Қызылжарда Ислам мәдениеті музейі ашылды. Бастапқы келбеті сақтала отыра күрделі қалыпқа келтіру жұмысы жүргізілген бұрынғы мешіттің тарихы тереңде жатыр. Нысанның іргетасы сонау 19-шы ғасырда қаланған. Алғашқы кезеңде құдайға құлшылық ету орны болған ғимарат уақыт өте солақай саясаттың салдарынан Киров атындағы зауыттың қоймасына айналады.

СӘУЛЕ МӘЛІКОВА, Солтүстік Қазақстан мемлекеттік архивінің директоры:

– Біз көптеген зерттеу жұмысын жүргіздік. Құжаттар Омбы, Тобольск, Уфа мен Санкт-Петербург архивтерінен табылды.

Ислам мәдениеті музейінің ашылу салтанатына облыс әкімі Айдарбек Сапаров пен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысты. Рухани құндылықтарымыз дәріптелетін қасиетті орынның табалдырығын аттаған қонақтарға нысанның тарихы мен ішіндегі жәдігерлері таныстырылды.

Музей өткеннен сыр шертеді. Кіреберісте ғимараттың қалыптасу тарихы жазылған түпнұсқа құжат тұр. Ал ішкі залда Құран, діни кітаптар мен өзге де құнды заттар көзге түседі. Бұлардың барлығы Қазақстанның аймақтары мен шетелдерден әкелінгенін қоса кету қажет. Алдағы уақытта жәдігерлердің қатары артады. Музеймен аймақ басшысы мен бас мүфти танысып шықты. Содан кейін көпшілік алдында сөз алған Наурызбай қажы Тағанұлы ілкімді іске жоғары бағасын берді.

НАУРЫЗБАЙ ҚАЖЫ ТАҒАНҰЛЫ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

– Біз тарихымызды, ата-бабамызды ұмытпауымыз қажет. Бұл – бабалардың еңбегін жаңғырту. Осындай көне мешіттер бұл жерде ислам дінінің өркен құрғанын дәлелдейді. Алла тағала бүгінгі шараны құтты-берекелі етсін!

Қызылжар жұртшылығы өткеніміздің жаңғырғанына, қаланың қақ ортасында осындай сәулетті ғимараттың сән құрғанына разы. Ақ түйенің қарны жарылған бұл күні мәре-сәре күйдегі ағайын бір-бірін құттықтап жатты. Өзара тілдескен ел ағалары музейдің рухани тәрбие тұрғысындағы маңыздылығына тоқталды.

ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Жаңа ішіне кіріп шықтық. Тарихи құжаттар бар екен. Соларда аса қажет деректер жазылған.

ЖАРАСБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, СҚО Құрметті азаматы:

– Мемлекет басшысы атап өткендей, біз жастарды жаңаша тәрбиелеуіміз қажет. Жастарды ұлттық құндылықтарды құрметтеуге үйретуіміз керек. Сол ретте бұл орынның маңызы өте зор.

Айта кету қажет, көне мешіт мемлекет есебінен жаңғыртылды. Жаңғырту жұмысына 600 млн теңгеге тарта қаржы жұмсалды.

 

Байболат Култанов