Қазіргі таңда Қазақстанда 700 мыңға тарта мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Тағдырдың тәлкегіне ұшыраған отандастарымыздың 58% еңбекке қабілетті жаста. Бұл жандарды жұмыспен қамту үшін мемлекет бірнеше тәсілді қолданып жатыр. Оларды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Олжас Ордабаев жіпке тізді.
ОЛЖАС ОРДАБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– Біріншісі – мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарын квоталау тетігі. Бұл талап бойынша жұмыс берушілер бар жұмыс орындары санының 2-ден 4%-ға дейінгі мөлшерде жұмыс орындарында мүгедектігі бар адамдар үшін квота белгіленеді. Осы бағыт аясында өткен жылы мүмкіндігі шектеулі 12,2 мың адам жұмысқа орналастырылды.
Тағы бір бағыт – ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнайы еңбек орындарын құру. Бұл жерде жұмыс орнын құрған және жабдықтаған жанның шығындары өтеледі. Нақтырақ айтсақ, мемлекет қызмет ұсынушының шотына 1 млн теңгеге дейін аударады.
ОЛЖАС ОРДАБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– Сонымен қатар, арнайы жұмыс орындарына жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамдардың жалақысы 3 жыл ішінде субсидияланады. Мәселен, бірінші жылы мемлекет жалақының 70%-ын, екінші жылы – 65%-ын, үшінші жылы 60%-ын субсидиялайды.
Үшінші тетік – кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаны іске асыру шеңберінде жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамту. Бұл бағытта гранттар тағайындалады.
ОЛЖАС ОРДАБАЕВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:
– Биыл гранттар беру тетігі қайта қаралды. Халықтың осал топтарына, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдарға және мүгедектігі бар балалары бар ата-аналарға артықшылық беріледі. Өтініш enbek.kz сайты арқылы қабылданады.
Сөз соңында аз-кем статистика. Бүгінгі күнге дейін елімізде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 286 ата-ана мен мүмкіндігі шектеулі 481 адам грант алыпты.
Байболат Култанов