Петропавлда ұлт ақыны Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай облыстық көркемсөз оқу шеберлерінің байқауы өтті. Сайысқа 12 жас дарын қатысты. Олар 2 кезең бойынша бақ сынасты. Бірінші кезеңде қатысушылар Алаш арысының өлеңдерін мәнерлеп оқыса, екінші кезеңде Мағжан атамызға арнап жазған туындыларын паш етті.
Қатысушылар өлеңнен інжу-маржан тізді. Солардың бірі – 28 жастағы ақын-мұғалім Шакет Жайлаубаева. Ол тарихи тұлғаның кіндік қаны тамған ауданнан келіп отыр. Қатысушының өмірі сөз зергерінің есімімен тікелей байланысты екен.
ШАКЕТ ЖАЙЛАУБАЕВА, байқауға қатысушы:
– Мен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Сарытомар ауылында дүниеге келдім. Мектеп бітірдім және М.Жұмабаев атындағы педагогикалық колледжде оқыдым. Қазіргі таңда Жұмабаев ауданында М.Жұмабаев атындағы мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып жұмыс істеймін. Мектепте 3 “А” сыныбына жетекшілік етемін. Оқушыларымды қазіргі сәттен бастап “Мағжан оқуларына” қатыстырудамын. Орындар алып жатыр.
Жас ақын Айкен Наурызқұлова да көсіле шапты. Ол шыңыраудан шыңға көтерілген ақынның түрмеде жазған “Сағыныш” өлеңін жүрек тебіренте оқыды. Сондай-ақ, “Мағжанның маржан жырлары” атты шығармасын ұсынды. Бұл өлең бір түн ішінде шыққан екен. 16 жасар бұрымды асқақ арманымен бөлісті.
АЙКЕН НАУРЫЗҚҰЛОВА, байқауға қатысушы:
– Өмірлік жолымды өлеңмен байланыстырғым келеді. Менің ойымша, әрбір адам – өнер туындысы. Мен кітап жазғым келеді. Кітаптың мазмұны қазақилыққа байланысты болады. Мысалы, қазір заман өзгеріп жатыр, адам өзгеріп жатыр. Сол себепті, мен қазақтығымызды сақтап қалғым келеді.
Қара қылды қақ жарған қазыларға үздіктерді анықтау қиын болды. Қатысушылардың өнері 5 ұпайлық жүйе бойынша бағаланды. Өнеріміз паш етілетін, жас ақындар ысылатын тап осындай додалар алда өз жалғасын таппақ.
НӘЗИРА БИМАҚОВА, облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бас маманы:
– Мамыр айында бізде “Мемлекеттік тіл жіне БАҚ” байқауы өткізіледі. Сонымен қатар, Ахмет Байтұрсынов атындағы “Ұстаздар байқауы” өтеді. Ол республикалық деңгейде өтеді.
Бүгінгі байқауда оза шапқандар бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ал, қалған қатысушыларға алғыс хат табысталмақ.
Аснурия Абдула