СҚО-да 8 күннен кейін көктемгі аңшылық маусымы басталады. Биыл науқан 15 күнге ғана созылмақ. Қазіргі таңда аңшылар мылтықтары мен оқтарын және тиісті құжаттарды дайындауы тиіс. Осы орайда айта кету қажет, өңірде мамырдың 6-сына дейін құр мен үйректің аталығын ғана атуға болады. Өзен-көлдерді бетке аларда қалтаға қару ұстауға рұқсат қағазы, аңшылық шаруашылықтың жолдамасы мен жеке куәлікті салған абзал. Жалпы, биыл өлкемізде 2 мың құсты атуға жолдама берілмек.
ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
– Құжаттардан бөлек, аңшының өзімен бірге үйрек тұлыбы болуы керек. Себебі, тұлыбқа тек аталық үйректер жақындайды. Заңсыз аңшылық үшін 17 мың теңге көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал жолдамасыз атылған әр үйрек үшін қосымша 25 мың теңге салынады. Тағы айта кететін жайт, биылдан бастап аңшы атанғысы келетін адамның жасы 21-де болуы тиіс. Бұрын арнайы дайындықтан 18 жастан асқан тұлғалар өтетін еді.
Аңшылыққа қатысты қазір ел бойынша ауқымды акция өтіп жатқанын да хабарлаймыз. Сәуірдің 15-ші жұлдызынан Қазақстанда “Сайғақ” атты кең ауқымды науқан басталды. Шара бөкендерді қорғауға, оларды заңсыз атудың алдын алуға бағытталған.
ОЛЕГ БЕСПАЛОВ, СҚО орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы:
– Бөкен қызыл кітапқа енгізілген жануарға жатпайды. Бірақ, оларға оқ атуға мүлдем болмайды. Заңның ала жібінен аттаған браконьерлерге 500 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған.
“Сайғақ” акциясы 15-ші мамырға дейін жалғасады. Айта кетейік, бөкен облыста мекен етпейді. Соңғы рет тұяқтылар өңірімізде сонау 80-ші жылдары көзге түсіпті.
Алдияр Айтпаев