Білім

7-8-сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті

Өңірде 7-8 сынып оқушыларына арналған республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі өтті. Ауқымды дода қаламыздағы Оқушылар сарайымен қатар, аудандық 2 мектепте ұйымдастырылды.

ӘСЕЛ МҰҚАШЕВА, білім саласындағы әдістемелік жұмыс және ақпараттық технологиялар орталығы директорының орынбасары:

– Бүгінгі облыстық олимпиада 3 алаңда өтіп жатыр. Олар: Тайыншадағы 5-ші орта мектеп, Сергеевка қаласында орналасқан Есім Шайкин атындағы орта мектеп және Оқушылар сарайы. Білім бәйгесі математика, биология, география, физика, химия, информатика пәндері бойынша өткізілуде.

Олимпиада 4 кезеңнен тұрады. Қатысушылардың жалпы саны – 159. Нұрай Бакеева – “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы. Ол география пәнінен білімін сынауда. Тапсырмалар 1 жарым сағат ішінде орындалуы тиіс. Жер шарын тануға құмар жеткіншек өзінің алғашқы олимпиадасына 2 ай шамасында дайындалған.

НҰРАЙ БАКЕЕВА, облыстық дарынды балаларға мамандандырылған. “Білім-Инновация” лицей-интернатының оқушысы:

– 8-ші сынып оқушысымын. Бұл олимпиадаға бізге арнайы уақыт берілді. Сабақтан босатылып, мұғалімдермен дайындық өткіздік.

Ал Дарья Капитонованың тәжірибесі мол. Ол бұған дейінгі республикалық олимпиадаларда ағылшын және математика пәнінен жүлдегер атанған. Бұл жетістігін озат оқушы биыл тағы бір қайталағысы келеді.

ДАРЬЯ КАПИТОНОВА, ЛОРД дарынды балалар үшін мамандандырылған мектеп-лицейінің оқушысы:

– Мен математика пәнін таңдадым. Бұған дейін түрлі байқауларға қатысқандықтан ба, қазір қобалжып тұрған жоқпын. Жақсы дайындалдым. Әзірліктің арқасында есептердің жауабын тез табамын деп ойлаймын. Мақсатым – топ жару және республикалық кезеңде үздіктер қатарынан көріну.

Байқаудың нәтижесі 17-ші сәуір күні белгілі болады. Облыстық кезеңнің қорытындысы бойынша 12 жеңімпаз іріктеліп, республикалық кезеңге жолдама алады. Ел көлеміндегі ақтық дода мамырда бас қалада өтеді.