Қоғам

Таза бейсенбі

Таза бейсенбі. Облыс орталығында осындай атаумен тазалық шарасы өтіп жатыр. Оған мемлекеттік қызметшілер, түрлі мекеме жұмысшылары мен еріктілер қатысуда. Қолдарына күрек пен сыпырғыш ұстаған жандар қаланы қыс бойы қар астында жатқан қоқыстан тазалап жатыр.

ДАМИР ӘБДИН, ерікті:

–  «Көмек жақын жерде» атты еріктілер қозғалысы командасымен бірге біраз іс тындырдық. Жамбыл көшесінде жапырақ жинап, қоқыс сыпырдық. Енді оның бәрін қаптарға салып, буып қоямыз. Сосын коммуналдық қызметтер оны полигонға апарып тастайды.

Ал келесі көшеде жастар аялдаманы тазалауға кірісті. Әбден шаң басқан әйнекті дүние тап-таза болып шыға келді. Облыс орталығында осындай 200-ден астам қоғамдық көлік күтуге арналған жер бар.

ЖАНЕЛЬ БЕЙСЕНБАЕВА, қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:

– Қаланы әрі қоқыстан тазартып, әрі жол жиегіндегі тастың өңін жаңартып жатырмыз. Қаланы бойлаған жиектастың ұзындығы 114 шақырымды құрайды. Оның 83-і бетон, қалғаны гранит болып саналады.

Жалпы, бүгінгі «Таза бейсенбі» шарасына 90 адам мен 30-дан астам техника жұмылдырылған. Мұндай тазалық акциясы облыс орталығында 3 ай бойы жалғасады.

 

Самал Жунусова