“Сен тұр, мен атайын” деген жас гимнасттар Петропавлда бас қосты. Бүгін облыс орталығында көркем гимастикадан облыстың ашық чемпионаты бастау алды. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен келген 335 спортшы қатысуда. Олар жекелей және топтық сында үздіктерді анықтайды.
Жастардың бәрі шеберлігімен таң қалдырды. Бірінен-бірі өткен деп айтуға негіз бар. Томирис Абдуллаева Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғап жатыр. Қолындағы доппен және сақинамен сәтті өнер көрсетті дей аламыз. Алайда, қарсыластар да мықты. Олар да жеңістің тұғырының биік сатысына шыққысы келеді.
КӘУСӘР СЕРІК, жарысқа қатысушы, Астана қаласы:
– Менің жасым 9-да. Мен көркем гимнастикамен 4 жасымнан бастап айналысамын. Біз бұл сайысқа 1 ай дайындалдық. Осы сайысқа дейін халықаралық және қалалық жарыстарға қатысқан болатынбыз.
Кілең мықтылардың өнерін қазылар кірпік қақпай тамашалайды. Олар әр қимылға, споршының киіміне назар аударады. Ұпай да сол бойынша беріледі.
ЛЮДМИЛА ЛЕНЦИКОВА, жарыстың бас төрешісі:
– Облыстың ашық біріншілігіне жан-жақтан қатысушылардың келгеніне өте қуаныштымыз. Спортта бәсеке болу керек. Бәсеке болса ғана жастар тәжірибе жинайды, шыңдалады. Оның үстіне қаламызда «Спорт шебері» атағына ие гимнасттар өнер көрсетуде. Бұл дегеніміз – жас спортшыларға баға жетпес сабақ.
Көркем гимнастикадан облыстың ашық чемпионаты сәуірдің 15-ші жұлдызында мәресіне жетпек. Спортшылардың өнерін спорт мектебінде тамашалауға болады.
Аснурия Абдула