Аптадағы маңызды жаңалықтарСҚО әкімдігі

Облыс әкімі Волошинка елді мекенінің тұрғындарымен кездесті

Алдымен Айдарбек Сапаров Волошинка орта мектебіне барды. Білім ордасында 100-ге жуық бала оқиды. Аймақ басшысы жергілікті шаруаға мектеп айналасын абаттандыруға көмектесуді тапсырды. Сондай-ақ, облыс әкімі дәрігерлік амбулаторияның жұмысымен де танысты. Мұнда медициналық қызмет тек жергілікті халыққа ғана емес, жақын маңдағы ауылдық округ адамдарына да көрсетіледі. Амбулаторияда кадр тапшылығы жоқ. Былтыр мұнда жергілікті серіктестік есебінен күрделі жөндеу жүргізілген. Облыс әкімі «Пушкинское» ауыл шаруашылығы кәсіпорны басшысының бастамасымен ашылған өрт сөндіру бекетіне де барды. Бұл бекетте 2 техника бар, 3 адам кезекшілікке түседі. Кейін аймақ басшысы Волошинка ауылының тұрғындарымен кездесіп, жергілікті әкімдердің есебін тыңдады.

ВИТАЛИЙ КОЧЕРГИН, Волошинка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:

– Волошинка ауылдық округіне 915 тұрғыны бар 3 елді мекен кіреді. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған – 68 адам, оның 11-і жас, жеке шаруашылықтары бар. Округте 2 жұмыссыз тіркелген. Волошинка ауылдық округінің аумағында 4 ауыл шаруашылығы құрылымы жұмыс істейді: 2 ЖШС, 1 ФҚ, 1 ШҚ.

Есіл ауданындағы ең ірі серіктестік – Пушкинское. Бүгінгі таңда аграрийдің қарамағында 18 мың гектар егістік жер бар. Кәсіпорында 162 адам жұмыс істейді, орташа жалақылары 2022 жылы 215 мың теңгені құраған. Егіншілік дамығанымен мұнда мал шаруашылығында қиындықтар бар. Сол себепті, қыс мезгілінде жергілікті тұрғындар жұмыссыз отыруға мәжбүр.

АЙДАРБЕК САПАРОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Білікті басшы барда серіктестік жұмысы алға жылжи береді. Адамдар да жұмыспен қамтылады. Бірақ, тек өсімдік шаруашылығын ғана емес, мал шаруашылығын да дамыту керек. Мұнда жергілікті халықты жұмыспен қамту үшін сүт фермасын салу қажет. Сонда жыл бойы жұмыс тоқтамай жүреді. Халықты тұрақты жұмыспен, жақсы жалақымен қамтамасыз ету қажет. Сосын әрбір бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі болады. Өз жұмысшыларыңыз үшін жаңа үйлер салып, оған су кіргізу керек. Бұл мәселелердің барлығын шеше бастау керек. Кейбір шаруа қожалықтары осындай әдіспен жұмыс істейді.

Ауыл әкімдерінің есебінен кейін Айдарбек Сапаров жергілікті тұрғындармен тілдесті. Тұрғындардың басты мәселелерінің бірі – жайылым жерлердің тапшылығы. Барлық дерлік ауыл тұрғынында жеке малы бар. Бірақ, шабындық жер жоқ. Ал жаз мезгілінде жайылым жетпейді.

МЕДЕТ ОСПАНОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Жайылымға қатысты мәселелерді біз комиссиямен арнайы келіп қарастырамыз. Арнайы мал жаю схемасын да ұйымдастыратын боламыз.

Ауылдағы тағы бір мәселе – сапасыз ұялы байланыс және интернеттің болмауы. Жергілікті тұрғындар мұнараның жанында бәрі дұрыс жұмыс істейтінін, бірақ, елді мекеннің шетінде байланыс жоқ екенін, интернет тіпті ұстамайтынын айтты. Өңір басшысы бұл мәселені қысқа мерзімде шешуді тапсырды.

МЕДЕТ ОСПАНОВ, Есіл ауданының әкімі:

– Айдарбек Сейпілұлы ұялы байланыстың сапасына қатысты тексеру жұмыстарын жүргіземіз. Тұрғындарға байланыстағы күшейткішті өздері алып тастау керек екендерін бірнеше рет ескерттік. Жақын арада бұл мәселені шешеміз. Волошинкада TransTeleCom байланысы ұстайды. Оның сапасы Петропавлдағы байланыстарға қарағанда жақсырақ екенін айта кету керек.

Мұндағы тағы бір мәселе балабақша жұмысына қатысты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, өткен жылы тәрбиеші декреттік демалыста болуына байланысты мектепке дейінгі мекеме жұмыс істемеген. Оның орнын басатын ешкім жоқ. Айдарбек Сапаров бұл мәселені тез арада шешуді тапсырды. Аудан әкімі биылғы жазда балабақша штатты режимде жұмыс істейтінін айтты. Кездесу барысында облыс әкімі мемлекеттік қолдау бағдарламары жайында да ақпарат берді. Өз кәсібін бастағысы келген кез келген өңір тұрғыны 2,5 пайызбен жеңілдетілген несие ала алады. Тек аграрлық несиелік корпорацияға кепілге баспаналарын қоюы қажет.

 


Алдияр Айтпаев